$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Павлодардағы алюминий зауытында екі адам зардап шекті

17.05.2026ж. 21:21
Павлодардағы алюминий зауытында екі адам зардап шекті
Фото: Pavlodarnews.kz

Павлодардағы алюминий зауытында екі адам зардап шекті.

«16 мамыр күні сағат 23:10-да Павлодар алюминий зауытында №3 пештің кептіру аймағын тазалау жұмыстары кезінде жиналып қалған материалдың бір бөлігі опырылып құлады. Сол сәтте аумақта диірмен машинисі мен агломерация цехының агломератшысы болған», – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Зардап шеккен жұмысшылар жедел  облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер диірмен машинисінің оң жіліншігі сынғанын анықтап, оны ауруханаға жатқызды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Ал кәсіпорын таратқан мәліметке сәйкес, екінші жұмысшының оң жіліншігі көгерген, сыну дерегі мен еңбекке жарамсыздық анықталмаған. Дәрігерлер тексерісінен кейін ол амбулаториялық ем қабылдауға жіберілген.

Кәсіпорынның баспасөз қызметі зауытта ешқандай апат болмағанын да мәлімдеді.

«Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына жауапты уәкілетті орган қызметкерлері Павлодар алюминий зауытының аумағына барып тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша қауіпті өндірістік нысанда апат белгілері анықталған жоқ», – деп хабарлады кәсіпорын өкілдері.

Павлодар облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.