$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Атырауда бүтін бір отбасының өліміне күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі басталды

Атырауда бүтін бір отбасының өліміне күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі басталды

Атырауда елдің үрейін ұшырып, тұтас бір шаңырақтың ортасынан түсірді деп күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот отырысы басталды. Ашық сот процесіне қос тараптың ағайын-туысы түгел келді. 29 жастағы сотталушы да сот залына күзетпен жеткізілді. Сот процесіне аймақтағы тілшіміз де қатысты.

Сот залында  ине-шаншыр орын жоқ. Қос тараптың ағайыны мен оқиғаны таратуға келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері залға зорға сыйды. Алғашқы сот процесіне келген Сәрсемәлиевтың ата-ана, туыстары залдан шығарылды. Олар куә ретінде жауап алынған соң ғана қатысады.

Сот залына жеткізілген Сәрсемәлиев  өзін тым еркін ұстады. Тіпті айналасындағылармен тілдесіп, күліп қояды.  Судья Зарема Хамидуллина тараптарға құқықтарын түсіндірген соң  прокурор 15 томнан тұратын айыптау актісін бір сағатқа жуық  оқыды. Тергеуде анықталған жайттар жаға ұстатады.

МИРАС БАУЫРЖАНОВ, ПРОКУРОР:

Сәрсемәлиев мойын тұсынан қысып,  Мұқанғалиевтың  сол және оң жақ кеуде тұсынан , іш қуысынан, оң жақ қолында болған ас үй пышағымен  бағыттап, бірнеше мәрте ұрып, соққылар жасаған. Сәрсемәлиевтің пышақпен жасаған бірнеше ауыр соққы салдарынан  Мұқанғалиев оқиға орнында тілге келместен қаза болған.

Қай  оқиғада да марқұмдардың мүрдесін жасыру үшін түнгі мезгілді күткен. Наурызды көму  үшін  үй жанынан тереңдігі 1 метр, ені 80 см шұңқыр қазған.  Айғақ заттарды түні бойы өртеген. Кейін оның  ұялы телефонындағы банк қосымшасы арқылы қымбат заттарды сатып алып,   4 млн теңгеден астам қолма-қол ақшаға айналдырып, қажеттілігіне жұмсапты. Наурыздың атынан анасына хабарлама жіберіп, 350 мың теңге тағы сұрап алған. Марқұмдардың әлеуметтік төлемдерін де, мал-мүлкін де  емін-еркін пайдаланған. Айыптаушы тараптың айтуынша, сараптама Сәрсемәлиевтің қылмыстарды жасаған кезде  ешқандай физиологиялық аффект жағдайында болмағанын көрсеткен. Айыптауларды сотталушы жоққа шығарған жоқ. Керісінше, марқұмдардың өзін кінәлады.

СҰЛТАН СӘРСЕМӘЛИЕВ, СОТТАЛУШЫ:

Жазадан жалтармаймын.Өлім жазасына да, өмір бойы түрме жазасына да дайынмын. Барлық қылмыстарымның басты себебі өзіме, отбасыма жасаған қысымдарына қасақана жауап бердім. Әйеліммен 10 жыл бақытты тұрдық. Арамызда келіспеушілік болғанда  әйелімнің үй-іші отбасыма жөнсіз араласты. Сонда да біз бөлінбей бірге тұра бердік. Қайта-қайта қоқан-лоққы көрсетіп отбасыма араласуын тоқтатқан жоқ. Әйелімді, бес балаң саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ деп өзімді бопсалап. Осындай қылмысқа итермеледі.

Ал марқұмдардың туыстары бұл сөздердің бәрі жала дейді. Табиғатынан жұмсақ, момын адамдар мұндайға баруы мүмкін еместігін айтты.

ӘДЕМІ МҰҚАНҒАЛИЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Ол мүмкін емес, олар ондай адам емес, Семьясына араласу деген болған жоқ. Жағдайлары жақсы, оларға көмектесіп тұрды осы уақытқа дейін, өле-өлгенше. Оларға қарсылық тудырып, не болмаса айыру деген әңгіме болған жоқ.

АСИЛА МҰҚАНҒАЛИЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Ондай адамдар емес. Ағам да, жеңгем де жуас адамдар, Өздерімен өздері күндерін көрген адамдар.

Сұлтан Сәрсемәлиев істі алқа билердің қатысуымен қарауға қарсы болды. Бірақ ашық сот процесінде бұқаралық ақпарат құралдарының түсірілім жасауына келісім берді.