$487.01 €557.87 ₽6.59
×

Алматы облысында жаңа туған нәресте баспен құлап, шетінеді

AstanaTV
22.06.2026ж. 19:00
Алматы облысында жаңа туған нәресте баспен құлап, шетінеді

Алматы облысында перзентханада сәби шетінеді. Жаңа туған нәрестесінен айырылған ата-ана Қаскелең қаласындағы перзентхана қызметкерлерінен айыптады. Айтуларынша, толғағы келген келіншекке палата таппай, әйел дәлізде арба үстінде босанған. Сол сәтте сәби жерге баспен құлаған дейді. Сөздерінше, дәрігерлер уақытылы шара қабылдамай, салдарынан шақалақ 5 күнге жетпей шетінеп кетіпті. Ал денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Тақырыпты әріптесім Ғазиза Әмірбек жалғастырсын.

Туыстарының айтуынша, жүктілік кезеңінде анасының денсаулығына қатысты ешқандай шағым болмаған. 38 жастағы әйел тек қан қысымының жоғарылауына байланысты ауруханаға жүгінген. Алайда медициналық мекемеде оның толғағы басталып, перзентхана бөліміне жеткізілген. Туыстарының сөзінше, акушер жүкті әйелдің қарсылығына қарамастан оны босану залына мүгедектер арбасымен апаруға шешім қабылдаған. Сол сәтте босану процесі басталып, нәресте дәлізде келе жатқан арбада дүниеге келген.

БИБІНҰР АРТЫҚБАЕВА, ТУЫСЫ:

Ол баланы дәрігерге көрсетпей, олар баланы сразу жеңгеме бере салған. Сосын жеңегеме айтқан бәрі дұрыс, ондай нәрсе болып тұрады деген. Менің жеңгем акушер болған соң сенген. Сосын 1-2 сағаттан кейін сәбидің басы көгеріп бастаған. Жеңгем доктордың қасына қайта алып барған. Дәрігерлер түкірігімен қақалып қалған деген, содан демала алмай жатыр деп кислородқа таққан. 15-20 минуттан кейін баланы қайта қайтарып берген.

Келесі күні тексерулер нәтижесінде баланың миына қан құйылғаны анықталып, облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілген. Дәрігерлер операция жасағанымен, бес күннен кейін нәресте көз жұмды. Енді туыстары мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбаны, науқастың диагнозы бойынша ақпараттарды ала-алмай отырмыз дейді.

ЕЛМҰРАТ ОҢҒАРБАЕВ, ТУЫСЫ:

Қағазын бермеген облыстық больницаға, ал больница моргқа бермеген. Даже вскрытие болмаған. Бұл полный выпискасын беріп отыр, история болезни вообще ешқайсысын бермей отыр.

Екінші аурухананың дәрігерлері баланың дүниеге ауыр жарақатпен келгенін мәлімдеген. Қара жамылған отбасының айтуынша, мекеме жауапкершілікті босанған әйелдің өзіне аударуға тырысуда. Денсаулық сақтау басқармасы бүгінде мекемеге қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Аталған жағдай бойынша ШЖҚ «Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы» КМК-де медициналық көмектің көрсетілу сапасына ішкі аудит, сондай-ақ өтініште көрсетілген фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Барлық тексеру іс-шаралары аяқталып, түпкілікті қорытындылар алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Ал перзетхананың қызметкерлері оқиғаға қатысты пікір білдірмеді. Бүгінде нәресте өлімі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Жәбіреленуші тарап кінәлілердің жазалануын талап етеді.