$487.01 €557.87 ₽6.59
×

Трамп: «Барлығын басынан бастайық»

Трамп: «Барлығын басынан бастайық»

Швейцарияда АҚШ пен Иран делегациялары арасында үлкен келіссөз басталды. Екі ел соғысты тоқтатқаннан кейін, Таяу Шығыстағы бейбіт өмірді 60 күн ішінде шешеміз деп келісті. Бірақ, тараптар бір-біріне кереғар ойларын жасырар емес. АҚШ вице-президенті Джей Вэнс кез-келген сәтті соғыс бастаймыз десе, Иран уранды байытудан бас тартпаймыз, - дейді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Швейцарияның Бюргеншток қаласында АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келіссөздер басталды. Қатар мен Пәкістан бітімгер рөлін атқарып отыр. Демалыс күндері бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған жиын, толықтай мінсіз өтпеді. АҚШ делегациясын Трамптың орынбасары Джей Ди Вэнс бастады. Өз сөзінде, ол ирандықтарға тағы бір сес көрсетті.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ормуз бұғазын аштық. Бірінші кезектегі шаруаны тындырдық. Дегенмен, енді Иранның уран байыту бағдарламасы басты кедергі болып тұр. Маған Президент Трамп үлкен тапсырма берді. Барлығын басынан бастайық деген ұсыныс жасады. Иран оны қабыл алады ма, жоқ па – өздеріне байланысты.

Иран билігі болса, мүлдем басқаша сөйлеп отыр. Батыс басылымдарында келіссөз барысы туралы түрлі ақпар тарауда. Біреулер сәтті басталды десе, енді біреулер Иран делегациясы келіспей, бұрылған күйі кетіп қалды деген инсайд тараттты. Президент Масуд пезешкианның тікелей эфирдегі сөзі де осыған дәлел секілді.

МАСУД ПЕЗЕШКИАН, ИРАН ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз уран байыту жоспарымыздан ешқашан бас тартпаймыз. АҚШ-тың көнуден басқа амалы жоқ. Трамп басында не дегенін барлығы біледі. Енді тура 180 градусқа өзгерді. Біз оны өзгеруге мәжбүрледік. Әлемге екіжүзді екенін дәлелдедік. Бастапқыда Иран жеңілуі керек деген адам енді біздің құқығымызды мойындап отыр.

Трамп орынбасарын саммитке жіберіп қойып, өзі мәз-мейрам. Қатардың АҚШ Президентіне сыйға тартқан ұшағы дайын болды. Көктемде құны 400 млн доллар болатын жаңа президенттік борт көп дау туғызған еді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздер ішіне кіргенде өз көздеріңізге сене алмай қаласыздар. Себебі, ұшақтың сапасы тым керемет. Қозғалтқышы мен өзге бөлшектерінің әлемде теңдессі жоқ. Бұл үшін, әрине, Қатар әміріне алғыс айтқым келіп отыр. Ол – өте жақсы бала. Соңғы кезде көп қиындық көргенімен, еш мойымады.

Трамп пен Мелони қайтадан жанжалдасты. Өткен аптадағы «Үлкен жетілік» саммитінде татуласқандай еді, араларына қайта сызат түсіп, әлеуметтік желіде бір-бірін келемеждеп жатыр. Тіпті, Италияның Сыртқы Істер Министрі АҚШ-қа жоспарлаған сапарын да осыдан кейін кейінге шегерді.