$486.47 €554.77 ₽6.26
×

Күн бетінде алып дақ пайда болды: Жерде магниттік дауыл болуы мүмкін

29.06.2026ж. 14:18
Күн бетінде алып дақ пайда болды: Жерде магниттік дауыл болуы мүмкін
фото: istockphoto.com

Күн астрономиясы зертханасының мамандары 28 маусым күні Күн бетінде биылғы жылдың ең ірі күн дақтары тобын тіркеді.

Жаңадан анықталған белсенді аймаққа №4478 нөмірі берілді. Оның аумағы 1190 шартты бірлікке жетіп, ақпан айындағы рекордты (1100 бірлік) жаңартты. Еске салсақ, ақпан айындағы аймақ Х8.1 санатындағы өте қуатты күн жарқылын тудырған болатын.

Әзірге №4478 аймағы салыстырмалы түрде тыныш болғанымен, ғалымдар оның ішінде қуатты энергия жиналып жатқанын айтады. Қазірдің өзінде бұл аймақтан ғарышқа шағын плазма бұлттары бөлінуде.

Астрономдардың болжамынша, осы плазма толқындарының екеуі 30 маусым мен 1 шілде аралығында Жерге жетеді. Салдарынан 30 маусым күні таңертеңнен түске дейін G1 деңгейіндегі (әлсіз) магниттік дауыл тұруы мүмкін. Кешке қарай магнитосфера қайта тұрақталмақ.