$472.03 €540.29 ₽6.11
×

"Таза Қазақстан" бастамасы жаңа деңгейге өтті

"Таза Қазақстан" бастамасы жаңа деңгейге өтті

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы басталған 3 жыл ішінде елді мекендерде 5,6 миллионнан астам ағаш егілді. Ал мемлекеттік орман қоры аумағында 1 миллиардтан астам көшет пен жас шыбық шаншылып, айнала жасыл желекке  бөленді. Биылдың өзінде 4 миллионнан астам адам, оның ішінде 510 мың ерікті жұмылдырылып, 76 мың гектардан астам аумақ қоқыстан тазартылды. Қалдықтарды басқару бойынша аймақтарда да нақты нәтиже бар. Мәселен, Түркістан облысында 380 тонна қоқыс шығарылып, 33 электр автобусы пайдалануға берілді. Шығыс Қазақстанда 22 мың тонна қоқыс тазартылып, ірі экопарктер құрылуда. Ал Ұлытау облысында 2027 жылға дейін қағаз бен резеңкені қайта өңдейтін жаңа цех іске қосылмақ.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлыққа ұқыпты қарау әр азаматтың басты міндеттерінің бірі ретінде бекітілген. Жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ел қызметінің негізгі қағидаты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының “Таза Қазақстан” бастамасы Конституцияда белгіленген негізгі қағидат ретінде бірізділікпен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімділігі өткізілген іс-шаралар санымен емес, елді мекендердің жағдайының, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейінің нақты өзгерістерімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады. 

Бүгінде елімізде 2 755 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жеңілдетілген қаржыландыру аясында 374 миллиард теңгеге 68 жоба мақұлданса, оның 12-сі қазірдің өзінде іске қосылды. Ал «Экоқолдау» бағдарламасы арқылы 94 компания 115 мың тоннадан астам қағаз, шыны, шина мен пластикті қайта өңдеп, 3 миллиард теңге төлем алған. Меже – 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға, ал өнеркәсіптік қалдықтарды 50%-ға жеткізу.