$472.03 €540.29 ₽6.11
×

Кейінгі он жылда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі шамамен 50 пайыз өскен

AstanaTV
03.07.2026ж. 19:00
Кейінгі он жылда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі шамамен 50 пайыз өскен

Кейінгі он жылда Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі шамамен 50 пайызға өсті. Ал саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10,2 пайыздан 13 пайызға дейін артқан. Осы көрсеткіштерді одан әрі жақсарту жолдары «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесінің отырысында талқыланды. Жиында өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау көрсету мәселелері көтерілді. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, Ата Заңда бекітілген қағидаттар жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын ашу және отандық бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау арқылы экономикада нақты көрініс табуы тиіс.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Алдағы бірнеше апта ішінде партияның Іскерлік кеңесі кәсіпкерлердің ұсыныстары, сарапшылардың ұсынымдары қамтылатын өнеркәсіптік саясаттың ақ кітабын, white paper әзірлейді. Бұл құжат ресми түрде үкіметке жолданып, қоғам назарына да ұсынылатын болады. Бірнеше айдан кейін біз осы құрамда бас қосуға дайынбыз.