$467.41 €533.88 ₽6.14
×

Жедел штаб құрылды: Астанада қоқыс полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда

10.07.2026ж. 16:00
Жедел штаб құрылды: Астанада қоқыс полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда
фото: ТЖМ

Елордалық құтқарушылар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жалғасуда. Қазіргі уақытта Байқоңыр ауданындағы полигон аумағында жалынды сөндіру шаралары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Қауіпті аймақта Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері, әкімдік өкілдері және кәсіпорын қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте тұр. Сондай-ақ, жағдайды жедел бақылау үшін арнайы штаб құрылды.

ТЖМ басшылығы оқиға орнына тікелей барып, құтқару жұмыстарын үйлестіруге кірісті. Төтенше жағдайды жоюға жалпы саны 130-ға жуық маман мен 70-тен астам арнайы техника жұмылдырылған.

Өрт ошағын толық оқшаулау үшін төрт жеке учаске құрылып, олар полигон периметрі бойынша бекітілді. Жалынның өзге аумақтарға жайылып кетпеуі үшін инженерлік техникалардың көмегімен өрт жиегіне инертті материалдар төселуде.

«Өртті сөндіру процесін қою түтін мен үйілген қоқыстың борпылдақ, құлауға бейім күйі қатты қиындатып отыр. Бұл факторлар өрт сөндіру және көмекші техникалардың қозғалысына, сондай-ақ мамандардың өрт оқпандарымен жұмыс істеуіне елеулі кедергі келтіруде», — деп мәлімдеді Астана қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Өміржан Тукушев.

ТЖМ таратқан мәліметке сүйенсек, қажетті инертті материалдарды өрт ошақтарына кедергісіз жеткізу мақсатында полигонның батыс беткейінен ұзындығы 200 метр болатын уақытша үйінді жол салынған.

Қазіргі таңда жанып жатқан аумақтарды басу үшін 2,6 мың тоннадан астам инертті материал тасымалданды. Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің жіті бақылауында, ал құтқарушылар тілсіз жауды толық жойғанға дейін жұмысты тоқтатпайды.