$494.87 €520.65 ₽4.91
×

М.Әшімбаев: Басты міндет - инновация мен жоғары технологияға негізделген заманауи партия құру

AstanaTV
22.02.2018ж. 20:00
3486
М.Әшімбаев: Басты міндет - инновация мен жоғары технологияға негізделген заманауи партия құру

Басты міндет - ел мүддесіне жұмыс істейтін, ХХІ ғасырдағы инновация мен жоғары технологияға негізделген заманауи партия құру. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді. Бүгін ол саяси ұйымның Астана қалалық филиалы активімен кездесті. Жиын барысында партия қызметін жаңғырту бойынша тың бастамалар талқыланды. 

Мәулен Әшімбаев "Нұр Отанның" алдында тұрған негізгі бағыттарға тоқталды. Партия  өз жұмысын заманауи, ашық әрі креативті үлгіде жүргізуі тиіс,- деді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды, ардагерлер мен зейнеткерлерді қолдау - жұмыстың бір бөлігі ғана. Заман көшінен қалмау үшін сандық жүйеге толықтай көшу, ғылым мен инновацияны қолдау маңызды. Партия жұмысының пайдасын шағын және орта бизнес өкілдері де сезінуі тиіс.

Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Нұр Отан» партиясына елдегі саяси-экономикалық және рухани жаңғыру жұмыстарына жүйелі қатысатын стратегиялық күш болып қалыптасу міндеті жүктелді. Бұл - өте ауқымды әрі жауапты миссия. Сондықтан партияны Елбасының ұйымдық, саяси, идеологиялық және креативті орталығына айналдыру мақсатында барша нұротандықтар күш біріктіріп жұмыс істеуі керек.

Партияның өңірлік бөлімдері арасында Астана филиалының орны ерекше. Астана - халықаралық мәселелер талқыланатын алаң және Қазақстанның мәдени, ғылыми, инновациялық орталығы. Осы ретте шахар басшысы әрі партия филиалы төрағасы соңғы уақытта атқарылған жұмыстарды тізбектеп өтті. Елге ыңғайлы ету үшін түрлі акциялар қолға алынғанын айтты.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі, "Нұр Отан" партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы:

"Қолжетімді халыққа қызмет көрсету орталығы" деп аталатын жоба бизнес процестерді автоматтандыру бағытын ұстанады. Яғни адамдар бір кабинеттен екіншісіне сабылып әуре болмайды. Ақы төлеу үшін ұзақ сонар кезекке тұрудың да қажеті жоқ.

Бұрын мұндай орталықтарға күніне 6 мыңдай адам түрлі өтініш-шағыммен келетін. Қазір олардың саны 4 есеге азайған. "Бұл - айтарлықтай нәтиже",- деді Исекешев. Жиында қоғам үшін пайдалы, жаңа жұмыс тәсіліне көшу, әлеуметтік желілерді игі мақсатқа пайдалану жайы айтылды.

Ерлан Ахмеди, "Нұр Отан" партиясы Астана қалалық филиалының консультанты:

Қоғамның белсенді азаматтары көбіне өз мәселелерін әлеуметтік желілерде көтереді. Сондықтан біз бұл салада белсенділікті арттырып, жұмысты күшейтуіміз керек.

Кездесу барысында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отанның» қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмалары талқыланды. Мәулен Әшімбаев Елордадағы партия белсенділерінің бұл бағыттағы шараларға үлес қосарына сенім білдірді. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА