$447.85 €513.46 ₽5.31
×

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтауда 100 көшет егілді

AstanaTV
21.09.2026ж. 19:00
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтауда 100 көшет егілді

Ақтауда жаңа аллея пайда болды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында шаһарда 100 көшет егілді. Ауқымды экологиялық сенбілік Маңғыстау облысының барлық аумағында ұйымдастырылып, оған өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбайпен бірге тұрғындар,  мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық сала мамандары, жастар, волонтерлер мен экобелсенділер қатысты.

Ақтау қаласының 39-шағын ауданындағы «BS Arena» аумағында 50 түп үйеңкі мен 50 түп гибискус егілді. Жаңа  аллея аумақты көркейтіп, тұрғындарға жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

РАФАЭЛЬ АРЫСЛАН, ВОЛОНТЕРЛІК ҰЙЫМНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің экологиялық клубымызда 300-ден астам оқушы. Оның ішінде мұғалімдер мен басқа да жастар белсенді экоактивистер бар. Біз өз жұмысымыз аясында осындай экологиялық жобаларды жүзеге асырып келеміз және бастамаларды енгіземіз.

Өңір бойынша акцияға 10 мыңға жуық адам қатысты. 15 ұйымның қызметкерлері теңіз жағалауы аумағын тазартуға атсалысты.

ӘСЕЛ БАЛМАНОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Республика бойынша World Cleanup Day тазалық күні. Ақтау қаласында да 800 жуық адамдар теңіз жағасында тазарту жұмысына қатысып жатыр. Жылдан-жылға сенбілікке деген қызығушылық жоғарылауда. Бұл Таза Қазақстанның үлкен үлесі деп есептейміз.

Жыл басынан бері облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Экологиялық шараларға 185 мыңнан астам адам қатысып, 3 мың 600-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Осы уақыт аралығында 14 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.