Ерекше күтімге мұқтаж балалардың ата-анасына жан-жақты қолдау қажет. Арнайы ем-дом, оңалту орталықтарының жай-күйі, тіпті дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілуі де жыры таусылмайтын мәселеге айналған. «Әділет» партиясы өңірлерде қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халықтың арыз-шағымдары мен өтініштерін тыңдады.
Көкшетауда жұртты қынжылтқан түйткіл көп. Ем-дом, баспана және білім алу мәселесі қордаланып қалған. Құрылтай депутаты Юлия Кучинская мен жауапты басқарма өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, арыз-шағымын тыңдады. Жеке бақылауға алынған маңызды мәселенің бірі - 2014 жылғы Арайлым Орынбасарға қажет дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілмеуі. Депутат бұл түйткілді құзырлы органдар арқылы тез арада шешуге сөз берді.
СӘБИТ ОРЫНБАСАРҰЛЫ, ТҰРҒЫН:
Қызымыз онкологиямен ауыратын еді. Дәрі алу проблемасымен келдік біз. Сол жөнінде сөйлестік, шешеді деп ойлаймыз.
ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бала құқығын қорғау - тек бір мемлекеттік органның немесе жекелеген мамандардың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір өтініштің артында баланың тағдыры тұр. Сондықтан ата-аналарды тыңдап қана қоймай, олардың мәселелерін шешу бағытында нақты жұмыс жүргізу маңызды.
Қызылордада да ерекше күтімдегі балалардың аналары жанайқайын жеткізді. Астана-Алматыдан өз қаражатына білікті маман алдыртқанымен, оларға бөлінген ғимаратта жөндеу жұмысы тұрып қалған. Ал шалғайдағы Арал ауданынан онлайн қосылған тұрғын бүлдіршіндерді балабақшадан сағ 17:00-де алу жұмыстағы ата-аналар үшін қолайсыз екенін айтты.
ЖАНДОС БАЗАРТАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қызылордада жасалынбайтын оталардың республикалық деңгеде квота алу мәселесі. Оның ұзақтығы. Сонымен қатар қоғамға ортақ мәселелер де осы жерде көтерілді. Міндетті түрде хаттамаланады. Жауапты органдармен алдағы уақытта жергілікті деңгейде жұмыс жасаймыз.
Таразда 18 ата-ананың өтініші қаралып, оған нақты жауап қайтарылды. Көбі бала денсаулығы, алимент және әлеуметтік көмек алу тәртібіне қатысты. Заңгерлер мен өңірлік уәкіл құжат ресімдеудің жолын егжей-тегжейлі түсіндірді.
ДӘМЕШ УСКЕНБАЕВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
"Қазақстан балалары" акциясы аясында балалардың мүмкіндіктерін анықтап, азаматтарды қабылдап жатырмыз. Бұл бір күндік шара емес. Біз алдын ала дайындалып, ақпарат тараттық. Соның арқасында аналар сенім артып келіп жатыр. Көтерілген мәселелердің барлығын шешуге күш саламыз.
Кездесулер қорытындысы бойынша тұрғындардан түскен барлық арыз-шағымдар тиісті сала мамандарына бағытталды. Көтерілген ұсыныстардың орындалуы мен оң шешімін табуы жауапты өкілдердің тұрақты бақылауында болады.