Әділет партиясының мобильді керуендері еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартты. Қазақстанның шалғай ауылдарына арнайы барып, ел-жұрттың ұысынысы мен талабын есту - жобаның басты мақсаты. Әділетті ту еткен партия мүшелері сайлауалды науқан аясында 100-ден астам қала, аудан орталықтары мен ауылды араламақ.
Әділет партиясының алғашқы мобильді керуені Астанадан Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарына аттанды. Бұл бағыттың жетекшісі - партия Саяси кеңесінің мүшесі, танымал тележүргізуші Армангүл Тоқтамұрат. Құрылтай депутаттығына кандидаттың сөзінше, бұл кездесулер ашық диалог форматында өтеді.
АРМАНГҮЛ ТОҚТАМҰРАТ, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫ САЯСИ КЕҢЕСІ БЮРОСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Науқан аясында барлық өңірге 6 керуен жолға шығады. Шамамен 14 мың шақырым жолды жүріп, 100-ден астам елді мекенді қамтып, 10 мыңнан астам азаматпен тілдесеміз деген мақсатымыз бар. Мұндағы ең басты біздің миссиямыз - Әділет партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыру. Ондағы әрбір бағытты, әрбір сөздің Қазақстан азаматының, яғни, әрбір адамның өмірін қалай өзгертетінін бүге-шігесіне дейін түсіндіру.
Жылжымалы Әділет керуені партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырумен қатар азаматтардың ұсыныстарын жинайды. Ал ол база кейін Құрылтайда қабылданатын заңдардың негізіне айналады.
РАУАН КЕНЖЕХАН, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ САЯСИ КЕҢЕСІ БЮРОСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Партия атынан, партия жақтастарының атынан осы сапарға шығып бара жатқан біздің әріптестерімізге, "Әділет" керуеніне сәт-сапар тілейміз. Жолдарыңыз болсын! Жинаған талап-тілектер, көрген-білгендеріңіз, сол сапар үстінде жиналған көңіл-күйлеріңіз біздің алдағы жұмысымызға негіз болсын.
Қазақстан халқының 37 проценті ауылда тұрады. Олар саяси науқаннан барынша құлағдар болуы үшін Әділет партиясы үй-үйді аралап, елмен үндес болуға ұмтылуда. Бұл сапарға партияның шамамен 200 белді өкілі, түрлі сала сарапшылары мен белсенділері тартылған.