Қосшы қаласы толығымен газдандырылды. Енді Елорда іргесіндегі шаһар халқы жаңа жылу маусымына дейін табиғи отынға қосылуға мүмкіндік алды. Игі шара елдімекенге қала мәртебесі берілуіне 5 жылдық мерейтойға тұспа-тұс келді.
Қосшы халқы енді көмір жағып, мұржа тазалап қор болмайды. Қалаға көгілдір отын толық жетіп, 72 мың халық қуанып жатыр. Былтыр шаһардың үштен бірі табиғи газбен қамтылған. Биыл, тағы үштен бір бөлікке тартылуы тиіс еді. Алайда, газ мамандары жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, үлкен сый жасады. Қаланың 5 жылдығына тарту болған табиғи газ қосу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен "QazaqGaz" Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов қатысып, мамандарға алғыстарын жеткізді.
МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Өздеріңіз білесіздер, былтыр 16-ы қыркүйек күні Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев телекөпір арқылы Қосшы қаласын газдандырудың бірінші кезегін жүргізуге тапсырма беріп, сол кезден бастап, көгілдір отын кіргізілген. Бүгінде, Қосшы қаласының тұрғындары ол газды пайдаланып жатыр. Президенттің қоып отырған талаптары мен тапсырмалары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жасалынып жатқан іс-шараның айқын көрінісі.
Алда жылыту маусымы. "QazaqGaz" мамандары газды тұтыну кезіндегі сақтық шараларын мұқият сақтауға шақырады. Жаңа газ құбырлары күндіз-түні заманауи дронмен бақыланып, ақау болған жағдайда мамандар дер кезінде әрекет ете алады. Жалпы, газдандыру Қосшы қаласының экологиялық жағдайына оң әсер етіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасайды.
ЕРЖАН БАЛАБЕКОВ, “QAZAQGAZ AIMAQ” АҚ АСТАНА ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Жалпы ұзындығы 356 шақырым газ құбыры салынды. Одан бөлек, 44 шкафты газ реттеу пункті орнатылды. Жалпы, 14700 абонентке есептелген. Оның ішінде, бүгінгі күні 16 пайыз, яғни, 1300-ге жуық газ тұтынушысы бар.
Омаровтар отбасы былтыр табиғи газ құбырының алғашқы легі тартылғанда, өз үйлерін бірден газға қосып алды. Айтуларынша, Қосшыға 11 жыл бұрын көшіп келіп, 10 жыл бойы көмір жаққан. Былтырдан бері, табиғи отынның рахатын көріп жүргендерін мақтанып айтты.
ФӘТИМА МҰҚЫШЕВА, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ал енді мынау үйге келіп тұрған газдың рахатын көргіміз келеді. Әсіресе, шалымыз екеуіміз қуанып жатырмыз. Жолдасым пеш жағады. Содан құтылғанына қуанып жатыр. Себебі, пеш жағып жүрген уақытта, қыстыгүні 6 ай бойы ешқайда шыға алмай, үйде отыратынбыз. Өйткені, жарық сөніп қалса, насос істемейді. Үйге ыстық су келмей, пеш қатты қайнап, жарылатын. Сондықтан, пешті аңдып отыратынбыз. Сол бейнеттен құтылғанымызға қуанып жатырмыз.
Айта кетейік, ҚазақгазАймақ акционерлік қоғамы Ақмола облысын газдандыру жұмысын белсенді жүргізуде. Осы уақытқа дейін өңірдегі 24 елді-мекен көгілдір отынынң игілігін көре бастаса, алдағы екі жылда табиғи газ облыстың тағы 12 ауылына тартылады.