Алматы облысында 29 жастағы келіншек өзіне-өзі қол салды. Алайда туыстары бұған сенбейді. Олардың сөзінше, марқұм бауырларымен болған соңғы бейнеқоңырауда күйеуі оны қылқындырып, тепікілеп, қолын сындырғанын айтқан.
Қайғылы оқиға болған күні марқұм жақындарымен бейнебақылау арқылы сөйлескен. Әпкесінің айтуынша, сол сәтте оның қолының гипстелгенін байқап, себебін сұрағанда күйеуімен арада жанжал туып, қолын сындырғанын айтқан. Көп ұзамай байланыс үзіліп, содан кейін туыстары онымен қайта байланыса алмапты.
АЙЖАРҚЫН МЫРЗАҚҰЛОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:
Ол кешегі ең соңғы сөзінде ол мені қылқындырды деді. Көзінен мөп-мөп болып жас тамшылап тұрды. Сөйтіп мен айттым «Гүмош, сен қолың осыншама, денеңің дымы қалмаған шығар» деген ем, артқа қарап, көйлектің үстін көтеріп, сандарын көрсетті маған. Міне, әпше, сандарым да көгерген деп.
АЗИЗА МЫРЗАҚҰЛОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:
Жылап, жолдасымен бірге, төбелестім, төбелесу барысында, жаңағы, телефонды мен қабырғаға лақтырып сындырып едім, содан ол менің қолымды ұрып сындырды деп айтты. Одан кейін барып, тағы да не болды, қай жерлеріңнен ұрды деп едім, «барлық жерімнен ұрып, кете бер, кете бер деп айтады деп» телефонды сол уақытта ол өшіріп тастады. Одан кейін барып, өшіріп тастағаннан кейін барып, ол жаңағы екінші сіңіліме айтып жаңағы «Менің бала-шағама, қараңдар, осымен бәрі бітті», - деп телефонды өшіріп тастайды.
Алаңдаған бауырлары дереу Гүлмираның үйіне барған. Оның мәйіті үйінің маңындағы контейнер жанынан табылыпты. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеп-тексеру амалдарының нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Жас келіншектің артында 2 жасар егіз ұл мен қызы қалды. Туыстары оқиғаның себебін анықтап, әділ шешім шығаруды сұрайды.