АҚШ мемлекеттік департаменті Мәскеу Орташа және жақын қашықтықты зымырандарды қысқарту туралы келісімді бұзды деп айыптады. Құрама Штаттарына бет алған ресейлік зымырандар көрсетілген анимациялық роликті «жауапсыздық» деп атады. Негізгі бөлігі заманауи қару-жараққа арналған Ресей президенті Владимир Путиннің жолдауынан кейін Вашингтон осындай реакция танытты. Толығырақ келесі материалда.
Владимир Путиннің биылғы жолдауы Федералдық жиынға ғана емес, әлемге, оның ішінде АҚШ-қа тура бағытталғандай. Ресейдің қорғаныс өндірісіндегі заманауи дайындамалары селт еткізбей қоймады. Отырғандар зымыранның шексіз мүмкіндіктерін арнайы әзірленген роликтен тамашалады. Реакция көп күттірмеді. АҚШ мемлекеттік департаменті мұны «жауапсыздық» деп атады. Ресми өкіл Хизер Нойерт Мәскеу Орташа және жақын қашықтықтағы зымырандарды қысқарту туралы келісімді бұзды деп айыптады.
Хизер Нойерт, АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі:
АҚШ-қа
ядролық шабуыл жасау анимациясына қарау жағымды болмады, бізге осы ұнамады. Бұл
халықаралық ойыншының жауапты мінезі деп ойламаймыз. Ресей халықаралық
міндеттерді бұза отырып, 10 жылдан бері қару жүйесін тұрақтандыруды іске асырып
келеді. Путин АҚШ үкіметі баяғыдан білген бұл істі растады.
«Сармат»
құрлықаралық зымыраны, «Авангард» стратегиялық бағыттағы зымыран кешені және
басқа да заманауи зымырандар. Бұл атаулар бүгін әлемдік БАҚ-тың бетінде. The
Guardian «бұл Ресейдің заманауи қаруын паш етуге арналған интерактивті
тұсаукесері» деп жазса, New York Times-тағы автор, «видеодағы зымыран Ресей
аумағынан шығып, жолдағы кедергілерді еңсере, Құрама Штаттарына қонғанын», ерекше атап өткен. Бұған қатысты Ресей басшысының жауабы дайын.
Владимир Путин, РФ президенті:
Ресейдің әскери күшінің нығайтуы ешкімге қауіп төндірмейді. Біздің оны қолдану ойымызда болған емес, ондай жоспар да жоқ. Әсіресе, басқыншылық мақсатта. Біз қарумен қорқытып, ешкімге қауіп төндірмейміз, ешкімге шабуыл жасамаймыз. Ресейдің әскери күшінің нығаюы Жер планетасындағы бейбітшілікке кепіл болмақ.
Сарапшылардың пайымынша, Ресей президентінің жолдауы негізінен Вашингтонға бағытталған. Қазақстандық саясаткер Әміржан Қосанов «Мәскеу санкцияға қарамастан, Ресейдің айтары мен көрсетері бар» дегенді білдіргісі келді деген пікір айтты.
Әміржан Қосанов, саясаттанушы:
Ешкім ядролық шабуыл жасауға бармайды. Бұл тек салқын соғыс уақытындағы саяси құрал ғана. Соғыс дүбара болады: ақпараттық, моральдық, психологиялық, мүмкін, басқа да жаңа формаларын тауып алармыз. Бірақ, менің ойымша, шынайы соғысып, ядролық қару қолдануға, құдай сақтасын, ешбір ел бара қоймайды.
Владимир
Путиннің сөзінен Мәскеу қару-жарақты паш етудің сыртында келіссөз жүргізуге
дайын екендігін аңғаруға болады. Әсіресе, ядролық қауіпсіздік мәселесінде.
Алайда, бұл ойды Вашингтон естіді ме?! Мәселе - осында.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ