$457.99 €534.15 ₽5.47
×

Қарағанды облысында 9 сынып оқушысы 4 жасар баланы құтқарды

24.08.2026ж. 19:00
Қарағанды облысында 9 сынып оқушысы 4 жасар баланы құтқарды

Қарағанды облысында 9 сынып оқушысы 4 жасар баланы құтқарып қалды.  13 жастағы Нұралы көлде үрмелі матрастың үстінен суға құлап кеткен бүлдіршінді жүзіп барып жағаға алып шыққан. Оқиға осы айдың басында Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы көлінде болған. Ойнап жүрген баланың құлап кеткенін жағалауда тұрып кездейсоқ көріп қалған Нұралы ойланбастан көмекке ұмтылған. Бүгін оның ерлігін әлеуметтік желіден білген аймақтың бас полицейі  оқушыны анасы және бауырларымен бірге шақырып алғысын білдірді. Нұралы- үйдегі 6 баланың үлкені. Жас батырдың анасы Самал Абдрахмановаға Алғыс хат табысталды. Ал өзіне Ішкі істер министрлігінің нышаны бейнеленген қолсағат сыйлады. Сонымен қатар оның бауырларына да сый-сияпат жасап, ержүрек баланың болашақта елге адал қызмет етіп, заң мен тәртіпті құрметтейтін азамат болуына тілектестігін білдірді. Ал Нұралы бұл оқиға - марапатқа емес, адам өмірін құтқаруға қатысты қабылданған шешім екенін жеткізіп ересектерді тәнті етті.

НҰРАЛЫ ӘЛХАН, 9-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Қорқыныш сезімі негізі болмады. Мен тек баланың өмірін ғана ойладым. Өйткені менің бауырларым бар ғой. Бауырларымды орнына қойып көрдім. Егер бауырларым солай кетіп қалса не істер едім деген сияқты. Қазақ бала болды. Жүзіп барып құтқару шешімін қабылдадым.