$457.99 €534.15 ₽5.47
×

ЕКПА депутаты Мехмет Акалы Құрылтай сайлауына оң баға берді

ЕКПА депутаты Мехмет Акалы Құрылтай сайлауына оң баға берді

Түркі әлемінің рухани бесігі – Түркістанға Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының мүшесі Мехмет Акалын келді. Еуропалық депутат елдегі саяси жаңғырулар мен сайлау процестеріне халықаралық бақылау жүргізді. Мәртебелі мейманның саяси реформалар, сайлау және Құрылтай туралы бағасы туралы өңірдегі әріптесім айтады.

Алматы, Астана және Шымкент шаһарларын аралаған мәртебелі мейман Түркістандағы сапарын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден бастады. Бұл сапар - Еуропа мен Қазақстан арасындағы саяси диалог пен демократиялық серіктестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Еуропалық депутат елдегі ауқымды саяси өзгерістерге куә болып, сайлау барысының халықаралық стандарттарға сай өтуін жоғары бағалады. Халықаралық байқаушы өз сөзінде саяси науқан мен реформалардың маңыздылығына арнайы тоқталды.

МЕХМЕТ АКАЛЫН, ЕУРОПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ, ЕКПА ТҮРКИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сайлау туралы айтпас бұрын, Конституциялық референдумға тоқталғым келеді. Мен Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының мүшесі ретінде осы референдумға қатысты декларацияның авторы болдым. Сол құжатта біз бұл өзгерістерді Қазақстандағы реформалардың маңызды жаңа кезеңі деп бағаладық. Ал Еуропа Кеңесін сайлауды бақылауға шақыру – ашықтық пен серіктестікке деген ниеттің айқын көрінісі болды.

Мәртебелі мейманның пайымынша, саяси науқан мемлекеттік басқарудың есептілігін күшейтіп, адам құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтерген реформалардың заңды жалғасы болды. Сондай-ақ, халықаралық сарапшы Ұлттық құрылтайдың да елдегі саяси-демократиялық дамудың негізгі институтына айналу мүмкіндігі өте жоғары екенін ерекше атап өтті.

МЕХМЕТ АКАЛЫН, ЕУРОПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ, ЕКПА ТҮРКИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Құрылтай мен саяси институттар осы қағидаттарға сай дами берсе, Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың болашағы өте жарқын болады деп ойлаймын. Елдің осы бағытта ілгерілеуге толық мүмкіндігі бар.

Ықпалды еуропалық құрылым өкілінің бұл бағасы – елдегі саяси реформалар мен демократиялық бастамалардың әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары танылғанының айғағы. Бұл сапар Қазақстанның ашық диалогқа дайындығын көрсетіп, Еуропа институттарымен стратегиялық серіктестікті жаңа белеске көтерді.