$458.48 €534.68 ₽5.43
×

Өскеменде ұшақ бортында тәртіп бұзған жолаушысы қоғамдық жұмысқа тартылды

Өскеменде ұшақ бортында тәртіп бұзған жолаушысы қоғамдық жұмысқа тартылды
Polisia.kz

Өскемен әуежайында көлік полицейлері бортта қоғамдық тәртіпті бұзған мас жолаушыны әуе рейсінен түсірді. Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе кемелерінде түрлі құқық бұзушылықтар жасаған 231 тұлғаны анықтап, жауапкершілікке тартты, оның ішінде алкогольдік ішімдік ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде жүру бойынша 189 дерек, әуе кемесінде темекі шеккен 31 адам, ұсақ бұзақылық жасаған 15 жолаушы, әуе кемесі бортындағы мінез-құлық ережелерін бұзған 6 азамат жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар өзге де құқық бұзушылықтар анықталды. Мысалы, 24 тамызда Өскемен қаласының халықаралық әуежайында көлік полицейлері Алматы – Өскемен бағытындағы рейстен әуе кемесі командирінің актісі негізінде 35 жастағы Алматы тұрғынын түсірді. Рейс барысында ұшақ биіктікке көтеріле бастаған кезде жолаушы қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сонымен қатар ол бортта ішімдік ішіп, тамақ пен сусындардан қалған қоқысты әдейі салон ішіне шашып тастаған. Ішімдікке сылқия тойған жолаушы әуе кемесі экипажының нұсқауларын орындамаған және оларды балағаттаған, басқа жолаушыларға дөрекі сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзуды жалғастырған. Ол рұқсатсыз орнынан тұрып, ұшақтың артқы бөлігіне өтіп, бос тұрған орындарға жайғасқан. Тексеру кезінде аталған азаматтың бұған дейін бірнеше рет әртүрлі әкімшілік жазаға тартылғандығы белгілі болды. Осы құқық бұзушылықтар үшін көлік полицейлері заң аясында шара қабылдады. Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орындарда қоқыс тастағаны үшін кінәлі деп танып, оған 20 сағаттық мәжбүрлі қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындады.