Негізгі / Жаңалықтар / Ақтөбе облысында 72 оқушы қыз мектепке бармай отыр

Ақтөбе облысында 72 оқушы қыз мектепке бармай отыр

Ақтөбе облысында әлі күнге дейін орамалын шешуден бас тартқан 72 оқушы бар. Олардың кейбірі екі тоқсан бойы сабаққа қатыспаған. Енді олар келесі сыныпқа көшпей қалуы мүмкін. Аймақта 18 ата-анаға айыппұл салынып, оның бесеуі келісімге келген. Ал білім саласының мамандары мәселені жуық арада толық шешеміз деп отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Оқу жылы басталғанда мектепке орамалмен баратын оқушылар саны 340 болса, қазір оның 268-і мектеп формасын сақтауға көшкен. 32-і Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарына көшіп кетіпті. Өңірде қыздарының орамалын шешуге қарсылық танытып жатқандар әлі де бар.

«Міне, көріп тұрсыз, мектеп формасы. Барлық оқушы киіп жүр осы мектепте...»

Ерланның екі қызы да мектеп жасында. Үшінші және алтыншы сыныптарда оқиды. Балиғат жасына толмаса да, екеуі де ұзын көйлек киіп, орамал таққан. Әкесі қыздарының өзге балалар секілді білім алғанын қалайды. Алайда киіп жүрген киімдеріне қарсылық болмаса дейді.

Ерлан Дүйсенбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Бармағанына январь, февраль, март - үшінші ай. Үшінші тоқсан кіргізген жоқ. Күні кеше екі завучі келді, алдында директоры келген. Мына киімдерін шешпесе, орнында қалады, 6-3 класты қайта оқиды деп. Егер біз қоғамға қауіп төндірсек, егер қоғамға қандай да бір жаман сипатпен білінсек, онда бізге айтсын. Ал біз қоғамға кимешекпен еш қауіп төндіріп отырған жоқпыз.

Ал ұстаздар «ата-аналардың барлығы Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты бұйрығын орындауы керек» дейді. Сондықтан балаларын сабаққа жібермеген ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. Жыл басынан бері жиырмаға жуық тұрғынға айыппұл салынса, осындай тағы үш іс қаралу үстінде екен.

Жанат Мұхамбеталина, білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы міндетін атқарушы:

Осы 18 ата-анаға қатысты әкімшілік іс негізінде 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Осыған байланысты Шалқар ауданы, Қарғалы ауданы, Ақтөбе қаласы, Қобда ауданы және Алға ауданы, Хромтау ауданы бойынша білім беру ұйымдарына мектеп оқушыларының сабаққа келмей, ата-аналар тарапынан осы міндеттерді орындамауына байланысты осындай әкімшілік істер қаралды. 18 материалдан басқа кеше келіп түсіп жатыр. Біз оны жаңа қабылдап жатырмыз іске.

Орамалын шешуден бас тартқан оқушылар Ақтөбе қаласынан бөлек Темір, Мұғалжар және Алға аудандарында көп. Кейбірі тіпті, екі тоқсан бойы сабаққа қатыспаған. Олар білім беру стандарттарын орындамағандықтан келесі сыныпқа көшпей қалуы мүмкін.

Ләззат Оразбаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

Бір тоқсан, екі тоқсан, жалпы 10 күннен артық себепсіз бала сабақтан қалатын болса, ол кезде бұл мәселе бойынша үлкен талаптар көтеріледі. Қазіргі кезде осы оқушылардың ішінде екі тоқсан бойы келмеген оқушылар бар. Бұл жөнінде біз министрлікке бірнеше хат жазып отырмыз. Себебі, қалай дегенде де, олар біздің балаларымыз...

Жақсыбек Кемал, тілші:

Дін істері басқармасының өкілдері орамалын шешпей отырған оқушылардың ата-аналары арасында теріс діни ағым өкілдерінің қанша екенін дөп басып айта алмайды. Дегенмен түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары жалғаса бермек. Бұл іске теологтармен қоса ардагер ұстаздар да тартылыпты.

Жақсыбек Кемал