Алматыда жылан шаққан бала жансақтау бөлімінде жатыр. Әлеуметтік желіде уға қарсы сарысу табылмай жатқаны туралы ақпарат тарады. Жазба авторы баланың жақындары қажетті препаратты шұғыл іздестіріп жатқанын жазған. Ал оның алғашқы дозасы Өзбекстаннан алдырылғанын және жеткіліксіз болғанын айтты. Денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Сондай-ақ сарысудың қосымша дозасы неге бірден салынбайтынын түсіндірді. Баланың жағдайына байланысты дәрігерлер оған жылан уына қарсы сарысудың бір дозасын енгізген. Қазір қыздың жағдайы тұрақты, мамандар бақылауында.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:
Қажетті препарат бала ауруханаға түскен сәтте стационарда болды және қазір де жеткілікті мөлшерде бар. Дәрігерлер баланы нақты сұр жылан шаққанын растаған жоқ, бірақ бұл нұсқаны жоққа да шығармайды. Біздің мәліметімізше, бұл - Алматыда тіркелген, жылан шағу ықтималдығы қарастырылып жатқан алғашқы жағдай.