$446.56 €512.34 ₽5.3
×

Алматыда автотұрақтар ақысы қымбаттауы мүмкін

AstanaTV
21.09.2026ж. 19:00
Алматыда автотұрақтар ақысы қымбаттауы мүмкін

Алматыдағы автотұрақтардың ақысы қымбаттайды. Енді қаладағы тұрақтарға үш түрлі баға бекітілмек. Қазір  бәрінде бірдей тариф, тиісінше, қала орталығында бос орын табу қиын. Жүргізушілер тұрақ іздеп, көшелерді бірнеше рет айналып жүруге мәжбүр дейді жауаптылар. Ал Астанада автотұрақтар толықтай мемлекет меншігіне өтті. Не өзгереді?  Тақырыпты тілшілеріміз тарқатып айтады. 

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Алматыдағы коммуналдық автотұрақтың бір сағаты қазір 100 теңге. Бұл тариф 10 жылдан бері өзгермеген. Осы аралықта қаладағы көлік саны миллионнан асып, тұрақ мәселесі де күрделене түскен. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, арзан әрі бірыңғай баға тұрақ орнын ұзақ уақытқа иеленуге жол беріп отыр. Енді тариф көлік қозғалысының қарқынына қарай белгіленбек.

ЕРЖАН ДИХАНБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

17 мың тұрақты 56 мың көлік пайдаланады. Себебі көліктердің көбі таңертең қойылып, кешке дейін алынбайды. Біздің мақсат – қысқа уақытқа келген жүргізушілерге де орын босату. Ұзақ уақытқа қалдыруды азайту үшін орталықтағы тарифті көтеруді ұсынып отырмыз.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Мәслихат ұсынысты мақұлдады. Алайда жүргізушілер тарифтің көтерілуіне қарсы.

БЛИЦ:

- Қалтадан ұрады. Мен мысалы, дос балам тұрады «Гүлдерде». 2-3 сағатқа 900 теңге төлеп кетемін просто так.

- Бұрынғы сол 100 теңгені қалдыру керек.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Алматыда көлікті эвакуациялау да енді ақылы. Мәслихат бекіткен бірыңғай төлем 3 айлық есептік көрсеткіш, яғни 12 мың 975 теңге. Бұл - көлікті айып тұрағына жеткізу құны. Ал онда сақтау ақысы бөлек есептеледі және көліктің түріне байланысты болады. Егер машина эвакуацияланған күні кешкі алтыға дейін қайтарылса, жүргізуші тек эвакуация шығынын өтейді. Алматыдағы жаңалық осы.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Ал Астанадағы автотұрақтардың әкімдік меншігіне өткеніне бір аптадан асты. Енді олардан түскен табыс тікелей жергілікті бюджетке бағытталады. Бұған дейін қыруар қаражат жеке компаниялардың қалтасына түсіп келгені белгілі. Тұрақ қожайыны ауысқанымен, елордада тариф әзірге өзгерген жоқ. Темір тұлпарды тұраққа  бір сағат қалдыру құны – 100 теңге. Төлем бұрынғыдай тақтадағы QR код арқылы өтеледі. Ал UIMS Parking деп аталатын жаңа мобильді қосымшада тұрақ номері, картадағы орны көрсетіледі.

РУСЛАН АБДУАЛИЕВ, ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Астана қаласында автоматтандырылған бағдарламалық кешендермен жабдықталған көліктер таңертеңгі 8:00-20:00 аралығында бақылау жүргізіледі. Егер де жүргізуші белгілі бір себептермен тұрақ ақысын төлей алмай кетсе, әуелі ескерту жіберіледі. Одан кейін 23:59-ға дейін сол төлем өтуі тисі. Төлемеген жағдайда ақпарат әкімшілік полицияға жіберіледі. Тәртіп бұзушылыққа 1АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Айыппұл арқаламас үшін тұраққа тоқтай сала ақысын өтеген абзал. Бір сағаттан аз уақыт тұрсаңыз да төлейтініңіз сол 100 тг. Минуттық есептеу жоқ. Қолданбаған уақытқа ақша қайтарылмайды. Жалпы астаналық жүргізушілер үшін ештеңе өзгерген жоқ.

БЛИЦ:

- Негізі үкіметке бару керек қой ақша. Жай жеке компанияға жіберген ақша дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Олар көрінген жерге қоя береді. Рұқсат алады да қоя береді.

- Ақылы тұрақ деген өте керек емес нәрсе. Халыққа өте зиянды. Жолдың бойы ғана емес, жолдың жанындағы дүкендердің тұрақтары бәрін ақылы қылып тастаған.

- Мен курьер болып істеймін. Жоқ дегенде, минутына төлейтіндей тәсіл болу керек еді. Мен бір үйдің алдына 5 минут тұрғаным үшін 1 сағатқа төлеуім керек.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ: 

Елордада бүгінгі күні 10 мыңнан астам көлікті қамтитын 541 автотұрақ бар. Қала көшелеріндегі трафиктің көтерілуіне байланысты әкімдік тағы мыңнан аса ақылы тұрақ ашуды жоспарлап отыр. Ал ескілері қайта жөнделеді.