Йемендік хуситтер қайтадан Сауд Арабиясына шабуыл жасады. Бұл жолы ел астанасы Эр-Риадтағы нысандар дрон шабуылдарынан өртке оранды. Газа секторында балалар 3 жылдан кейін мектеп табалдырығын аттады. Бірақ, бүлдіршіндер Израиль әуе соққыларынан түгел қираған ғимараттарға баруға мәжбүр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Сауд Арабиясының астанасы өртке оранды. Йемендік хуситтер әлемдегі басты мұнай өндіруші компанияның нысандарына дрондармен шабуыл жасады. Тіпті, бір баллистикалық зымыран жіберген. Бірақ, оны әуе қорғанысы кешендері ұстады. Десе де, ел аумағындағы ірі мұнай құбырларына айтарлықтай зақым келді.
ЯХЬЯ САРИ, ХУСИТТЕР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Біз тек Сауд Арабиясының қылмыстық әрекеттеріне жауап қайтарып жатырмыз. Олар, йемендік бейбіт халыққа бағытталған шабуылдарын тоқтататын емес. Егер, Сауд Арабиясы агрессиялық соққыларын тоқтатпайтын болса, біз Баб Эль Мандеб бұғазында олардың кемелерін жүргізбейміз.
Газа секторында балалар 3 жылдан кейін мектепке оралды. 400 мың бала білім алады. Алайда, аумақтағы барлық-дерлік мектептің сау-тамтығы қалмаған. Сондықтан, әзірге оқушылар уақытша шатырларды паналайды.
МОАЙЕД АБУ МҰСТАФА, ХАН-ЮНИС ТҰРҒЫНЫ:
Соғыс басталардан бұрын мен 4-і сынып оқитын едім. Қазір, білімімді қай бағдарламамен жалғастыратынымызды ешкім білмей отыр. Ең сорақысы, сыныптастарымның біразы мерт болды. Бұрын барлығымыз сабақты жақсы оқитын едік. Қазір, шынымды айтсам, мектепке келуге зауқым соғып тұрған жоқ.
Трамп Гренландияны басып алмайтын болды. АҚШ Президенті өзінің агрессиялық райынан қайтты. Себебі, Ақ үй Даниямен әскери келісімді жаңғыртты. Енді, әлемдегі ең үлкен аралдың қауіпсіздігі толығымен АҚШ қарамағына өтеді. Ал, өзге мемлекеттердің қарулы күштері Гренландия маңына жолай алмайды. Қазір, аралда АҚШ-тың бір әскери-ғарыш базасы жұмыс істейді.
МАРИАНА ХАНСЕН, НУУК ТҰРҒЫНЫ:
Естуімше бұл келісім бойынша, қарапайым гренландиялықтардың өмірі мен тұрмысы өзгеріске ұшырамайды. Бұл жайт мені қатты қуантты. Себебі, Дания жергілікті халықты құрметтейді. Сыртқы әлеммен Дания арқылы байланысу – біз үшін үйреншікті. Сондықтан, Президент Трамптың ашуға жол бермей, байыппен шешім қабылдағаны дұрыс болды.
Стэнтфорд университетінің ғалымдары адам нейрондарын тышқан миына енгізді. Осылайша, кеміргіш миының жартысы адам жасушаларынан жасалды. Тәжірибенің сәтті болғаны сонша, тышқандар ауа жетпегенде миы жануар секілді емес, адамға ұқсас реакция көрсетті. Ғалымдар өз тәжірибесін әдейі жарты жыл уақыттан асырмады. Әйтпеген жағдайда, университет қызметкерлері, тышқан миы адамның санасын қалыптастыруы мүмкін, - дейді.