$447.85 €513.46 ₽5.31
×

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанованың қабылдауында 30-дан астам қазақстандық құқықтық кеңес алды

23.09.2026ж. 17:31
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанованың қабылдауында 30-дан астам қазақстандық құқықтық кеңес алды
фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова «Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдап, 30-дан астам қазақстандыққа құқықтық және консультативтік көмек көрсетті, деп хабарлайды  Astana TV.

Еліміздің әр өңірінен келген тұрғындар тұрғын үй, сот даулары, мүліктік құқықтарды қорғау, құқық қорғау органдары мен сот орындаушыларының жұмысына қатысты мәселелермен жүгінді. Қабылдау барысында әлеуметтік қолдау және денсаулық сақтау саласындағы мәселелер де көтерілді.

Өтініштердің бір бөлігі тұрғын үй даулары бойынша сот шешімдерін орындау, тұрғын үй беру кезегі және қылмыстық істерді тергеуге қатысты болды.

Өтініш білдірушілердің қатарында Түркістан облысының тұрғыны Малика Тасболатова да бар. Оның айтуынша, бес жыл бұрын әйел қоғамдық тамақтану нысанын дамытуға 135 млн теңгеден астам қаржы салған. Алайда бір жылдан кейін оны нысанды босатуға мәжбүрлеген. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін тергеу бірнеше рет тоқтатылған.

«Мен құжаттар мен сараптамалық қорытындыларды өзім жинап, тергеу органдарына тапсырдым. Ұсынылған барлық материалдың зерделеніп, істің заңға сәйкес қаралуын сұраймын», - деді Малика Тасболатова.

Тағы бір өтініш Оразбай Бақтыбековтен түсті. Оның айтуынша, құны 65 млн теңге болатын дүкенінен айырылған, кейін нысан басқа адамдардың атына қайта рәсімделген. Ер адам құқық қорғау органдарына жүгінген, алайда, істің мән-жайы тиісті деңгейде тексерілмеген.

Айжан Аймағанова әрбір өтініштің мән-жайымен және ұсынылған құжаттармен танысты. Қосымша қарауды қажет ететін мәселелерді депутат бақылауына алды.

«Азаматтардың әрбір өтінішінің артында нақты мәселе тұр. Сондықтан қабылдау кезінде тұрғындарды тыңдап қана қоймай, олардың мәселесін шешудің нақты жолдарын қарастыру маңызды. Азаматтардың мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданып, көтерілген мәселелердің қаралу барысын бақылауда ұстаймын», - деді Айжан Аймағанова.

«Елімай» футбол клубының президенті Асқар Ұранхаев заңнамаға өзгерістер енгізіп, ресми спорттық жарыстардың нәтижелеріне қасақана заңсыз араласқаны үшін жауапкершілік көздейтін жеке норма белгілеуді ұсынды.

Қабылдау барысында келіп түскен барлық өтініш талданады. Қосымша қарауды қажет ететін және уәкілетті мемлекеттік органдардың араласуын талап ететін мәселелер депутаттың бақылауында болады.