$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елдің солтүстік аймақтарында жауын-шашын мен көктайғақ күтілуде - синоптиктер

AstanaTV
26.03.2018ж. 20:00
2923
Елдің солтүстік аймақтарында жауын-шашын мен көктайғақ күтілуде - синоптиктер

Елімізге қыс қайта келгендей. Бірнеше аймақта қалың қар жауып, жұртты әбігерге салды. Осыған орай Астанадағы коммуналды қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Көктайғақтың кесірінен Елордадан бірнеше бағытқа қатынайтын тас жолдар жабылды. 9 аймақта дауылды ескерту жарияланған. Батыс облыстарда күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынға орай су деңгейі көтеріліп, тасқын болу қаупі бар. Сондай-ақ Сырдария өзенінде мұз кептелісі жүріп, өзен арнасынан асуы мүмкін. Диана Сапарқызы тарқатады 

Диана Сапарқызы, тілші:

Наурыз айы аяқталуға жақын, алайда "кәрі құда" қыс кетуге асықпайтын сыңайлы. Астанадағы коммуналды қызмет өкілдерінің хабарлауынша, мереке күндері жұмыскерлер елорда көшелерін қардан тазартуға едәуір күш салған. Кешелі бері шахардан 30 мың текше метрдей қар шығарылған.

Ал өткен түні жолдарға 200 тоннаға жуық құм мен тұз қоспасы шашылды. Қыс бойы Астанадан 3 млн текше метрдей ақ ұлпа сыртқа тасылған. Тіпті қар ерітетін заманауи  техникалар да қалың жауған қарды ерітіп үлгере алмай жатқан көрінеді. 

Алтын Нұржумина,  «Астана Тазалық» ЖШС ресми өкілі: 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр. Мереке күндері 312 жұмыскер мен 589 техника жұмылдырылған.  Коммуналды қызметтер мен қар тазалау бойынша өтініштерді 109 нөмірі арқылы хабарлап жолдауға болады. 

Ал синоптиктер алдағы уақытта тұрақсыз ауа райы сақталады деп болжап отыр. Кей аймақтарда жауын-шашын болуы ықтимал.

Айгүл Алданбергенова, синоптик:

Кей жерлерде жауын-шашын жауса, кей жерлерде күн шығып, ыстық ауа райы байқалуда.

Диана Сапарқызы, тілші:

Күн райын болжаушылар, алдағы үш тәулікте ауа райында айтарлықтай өзгеріс болмайтынын айтып отыр. Солтүстік аймақтарда жауын-шашын, тұман мен көктайғақ болады. Оңтүстік өңірлерде жаңбыр жауады, ал Астанада алдағы екі тәулікте күн ептеп жылынуы ықтимал. Синоптиктер жалпы биыл көктем кешеуілдеп шығады, алдағы жаз жауын-шашынды әрі салқын болады деп болжам жасап отыр.