$440.86 €500.77 ₽5.27

Ұлттық банк валюта нарығына қатысты мәлімдеме жасады

01.10.2026ж. 13:36
Ұлттық банк валюта нарығына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: gov.kz

Қыркүйек айында теңге 4,6%-ға нығайды. Ай соңында бір доллардың бағасы 440,49 теңге болды, деп хабарлайды AstanaTV.

Қазақстан қор биржасында (KASE) доллармен жасалған сауда көлемі артты. Бір күндегі орташа сауда көлемі 415 млн доллардан 474 млн долларға дейін өсті. Ал қыркүйектегі жалпы сауда көлемі 10,4 млрд доллар болды.

Қыркүйекте Ұлттық қордан валюта нарығына 200 млн доллар сатылды. Бұл биржадағы жалпы сауда көлемінің 1,9%-ына тең немесе күніне шамамен 9,1 млн доллар болды.

Ұлттық банк қыркүйекте Ұлттық қор операцияларын «айнадай» көрсету тетігін іске қосуды жоспарлаған еді. Оның көлемі 200–300 млн доллар болады деп күтілген. Алайда валюта нарығында доллар ұсынысы көп болғандықтан, бұл операциялар кейінге қалдырылды. Оларды қашан және қандай көлемде жүргізу нарықтағы жағдайға байланысты шешіледі. Ұлттық банк бұл ретте теңге бағамының негізгі экономикалық факторларға сәйкес қалыптасуын және оның күрт алыпсатарлық өзгерістерге ұшырамауын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Қыркүйек айында алтын сатып алуға байланысты жүргізілген «айнадай» операциялар аясында шамамен 374 млрд теңге нарықтан шығарылды. Ал 2026 жылдың IV тоқсанында осы операциялар аясында шамамен 907 млрд теңгеге тең шетел валютасын сату жоспарланып отыр.

Ұлттық қордың қаражатына қатысты операцияларды жүргізгенде және «айнадай» операцияларды іске асырғанда Ұлттық банк нарыққа барынша бейтарап болу қағидатын сақтайды.

Қыркүйек айында Ұлттық банк теңгені қолдау мақсатында валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Сонымен қатар Ұлттық банк БЖЗҚ-ның инвестициялық басқарушысы ретінде зейнетақы активтерінің валюталық үлесін сақтау үшін биржада 986 млн долларға шетел валютасын сатып алды. Бұл қыркүйектегі жалпы сауда көлемінің шамамен 9,4%-ын құрайды. Алдағы шешімдер нарықтағы жағдайға қарай қабылданады.

Ұлттық банк валюта нарығындағы операциялары туралы ақпаратты ашық түрде жариялауды жалғастыратынын мәлімдеді. Алдағы уақытта теңгенің бағамына нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтағы жағдай және геосаяси өзгерістер әсер етуі мүмкін.

Ұлттық банк теңгенің бағамын нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай икемді түрде қалыптастыру саясатын жалғастырады. Бұл тәсіл нарықтағы теңгерімсіздіктердің жиналуына жол бермеуге және елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға бағытталған.