Қарағанды облысының Саран қаласында 4 отбасының баспанасы өртеніп, далада қалды. Үйінен айырылған олар енді қайда барарын білмей отыр. Уақытша туыстарының үйлерін паналап жүрген көрінеді.
Өрт 29 ыншы қыркүйекте болған. Алдын ала болжам бойынша қоқыс тұтанып, тілсіз жау алдымен ағаштарды шарпып кейін үйлерге жеткен. Елена Тонкустың ата- анасының үйі толық жанып кетіпті. Өрт шыққан күні үйінде анасы ғана болған. Зейнеткердің денесін күйік шалып, ауруханаға түскен. Енді қариялар қайда барарын білмей дал.
ЕЛЕНА ТОМКУС, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
Үй қайта жөндеуге келмейді. Өрт сөндірушілер келгенше түгел жанып кетті. Ол күні мен жұмыста болғам. Ата- анам 70 ке тақаған зейнеткерлер. Балам бар. Жалақым қолға алатыным 180 мың теңге. Аспаз болып жұмыс істеймін. Түкке жетпейді.
Еленаның көршісі Ринат Шарыповтың үйінің де сау-тамтығы қалмаған. Отбасы екі баласымен туыстарының үйінде тұрып жатыр.
РИНАТ ШАРЫПОВ, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
Мен өзім құрылыс саласында жұмыс істеймін. Үйді қайта салуым керек. Туыстарымның үйінде өмір бойы қала алмайтыным анық.
Тағы екі үйдің шатыры жанған. Бірақ өрт сөндіру кезінде үйлерін су алып ішіндегі дүние мүлкі бүлініпті. Осылайша 4 отбасы далада қалды. Әкімдік әрқайсына уақытша жатақхананың бір- бір бөлмесін паналауды ұсынған. Алайда тұрғындар бас тартыпты.
МАРИНА ШЕГАЙ, САРАН ҚАЛАСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Қиын жағдайда қалған отбасылар ережеге сәйкес жергілікті бюджеттен қайтарымсыз бір реттік материалдық көмек ала алады. Оның көлемі біздің облыста 150 АЕК. Яғни әр отбасына 648 750 мың теңге. Біз осы 4 отбасының жағдайын көрдік. Өрттен үйсіз қалып отыр. Сондықтан көмектің ең жоғарғы көлемін ұсынып отырмыз. Бүгінде екі отбасы біздің бөлімге құжаттарын тапсырды.
Зардап шеккендердің бұл сомаға үй ала алмайтындары анық. Сондықтан амалсыз тұрғындар жомарт жандардан жылу жинауға мәжбүр. Олар қайырымды кісілерден кез-келген көмекті қабылдауға әзірміз дейді.