$447.14 €500.35 ₽5.24

Алматыда 18 мыңға жуық адам психикалық есепте тұр

AstanaTV
07.10.2026ж. 19:00
Алматыда 18 мыңға жуық адам психикалық есепте тұр

Алматыда 18 мыңға жуық адам психикалық есепте тұр. Жүйке жүйесі ауруларымен дәрігер көмегіне жүгінетіндер көбейген.  Биыл тоғыз айда   45 мыңға жуық адам қаралуға келген.  Оның 13 мыңы психиатрға алғаш рет жүгініпті. Бұл көрсеткіш нені білдіреді? Тілшіміз Әйгерім Есенкелді анықтады.

Есепке алынған 18 мыңға жуық адамның арасында  ең жиі кездесетін диагноздардың алғашқы үштігіне ақыл-ой даму бұзылыстары, адамның органикалық өзгерістері және шизофрения кіреді. Сондай-ақ,  өздігінен психикалық жәрдем сұрап жүгінгендер көбейген. 

НАБИ ЕСІМОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ШТАТТАН ТЫС ПСИХИАТРЫ:

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл ем алғандар саны 2300-ден астам адамға артты. Бұл науқастардың ауруханада ұзақ жатпай, қажетті көмекті дер кезінде алып жатқанын көрсетеді. Соның арқасында бұрынғыдан көп адамға қызмет көрсету мүмкін болды. Ал психиатрдың қабылдауына бару бірден ауыр диагноз қойылады немесе есепке алынады дегенді білдірмейді.

Балалар арасында да психикалық денсаулық мәселесі күрделі.  443 балаға алғаш диагноз қойылып, олар дәрігер бақылауына алынған.  Мамандар бұл  өсімнің себебін психикалық жүктеменің көптігі және әлеуметтік-психологиялық дағдарыстан деп түсіндіреді.

БАҚЫТГҮЛ МАНАСОВА, ПСИХОЛОГ, ОРТА АЗИЯЛЫҚ ПСИХОТЕРАПЕВТЕР ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Негізгі 70-80 пайызын біз әлеуметтік-психологиялық дағдарыстан көрiп жатамыз. Себебі тұрмыстық дағдарыста өте көп кездеседі, одан кейін мынау қарым-қатынас, қоғамға бейімделу дағдарысы өте көп кездесіп жатады. Екінші позитивті тарапты алатын болсақ, онда адамдар өздерінің психологиялық мәдениетіне, денсаулығына алдын ала мән беріп, жұмыс жасайды деген сөз.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Бұл көрсеткіштерге алаңдауға негіз жоқ. Қайта дер кезінде алынған кәсіби көмек көптеген қиындықтың алдын алуға мүмкіндік береді дейді мамандар. Сондықтан жүйке сыр берсе, ұят деп кері шегінбей, дәрігер көмегіне жүгінуге кеңес береді.