Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртау қаласындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысанды аралап, өңірдің даму қарқынымен танысты. 2 жылдан бері теміртаулықтардың игілігіне қайта берілген трамвайға мінді. Осы уақыт аралығында 1 млннан астам жолаушыны тасымалдаған қоғамдық көлікке арналған 30 шақырым шойын жол жаңартылған. 8 заманауи вагон сатып алынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы.
Президент Qarmet конвертер цехының жұмысымен де танысты. Болат балқыту, құрыш құю процессіне куә болды. Компания 2 жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізген. Инвестиция көлемі -2,7 млрд доллар. Нәтижесінде шығаратын өнім түрі көбейіп, сапа артқан. Ендігі меже - технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру. Комбинатта соңғы 10 жылда болмаған құрылыс жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы соның ең ірілері - кокс батареялары мен жаңа сұрыпты прокат құрылысы кешендерін аралады. Қазір мұнда 35 мың адам жұмыс істейді. Президент Qarmet-тің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін ерекше атап өтіп, "Халықтық құрылыс" жобасында өндірістік базаның зор рөл атқаратынына сенім білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Qarmet 1,1 триллион теңге түсіммен таза пайдаға шықты. Кәсіпорында ауқымды жаңғырту бағдарламасы қолға алынды. Оны іске асыруға 2028 жылға дейін 3,5 миллиард доллар қаржы жұмсалады. Компания жас мамандарды оқытуға және жұмыспен қамтуға арналған «Болашаққа жол» әлеуметтік бағдарламасын қолға алды. Бірінші кезеңде еліміздің әр аймағынан 500-ге жуық адам қамтылады. Білікті мамандарға, әсіресе, жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс артып келеді. Бағдарлама, ең алдымен, осы үдеден шығады. Бұл бастамаға басқа да ірі кәсіпорындар қосылады деп үміттенемін.