$453.64 €508.17 ₽5.59

Үкімет Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті

Үкімет Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті

Үкімет Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 12 бағытын қамтиды. Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттерін жүзеге асыру үшін 96 іс-шара белгіленген. Халықтың сапалы өмір сүруі үшін елде қандай жүйелі жұмыс жүргізіледі? Айсәуле Съезбектің материалында. 

Мемлекет басшысы  жолдауда шегелеп берген тапсырмаларды Үкімет мүшелері рет-ретімен жүзеге асыруға кірісті. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ұсынған жобада алдымен «Халықтық құрылыс» жайы сөз болды. Инфрақұрылымдық даму бағдарламасында отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын пайдалануға басымдық берілмек. Ал көптің талқы-сынынан соң атаулы әлеуметтік қолдау тәсілдері қайта қаралып, мұғалімдердің жүктемесі азаяды.   

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Жыл соңына дейін отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдерін пилоттық сынақтан өткізу аяқталады. Қажеттілік қағидатын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады

Келесі бағыт – көлік-логистика. Келер жылдың мамырында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайлар пайдаға беріледі. Ал елордада екіншісі салынады. Оның құрылысы маусымда басталады. «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы 2027 жылдың соңында аяқталады деп  жоспарланған. Президенттің ауыл шаруашылығын ұзақмерзімді қаржыландыру, су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасы да ескерусіз қалмаған. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:  

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет басшысының бастамалары аясында қойылған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталып отыр. + Заң жобаларын уақтылы әзірлеп, Құрылтай қарауына енгізу қажет. Жоспардың әрбір тармағын қаржыландыру мәселесін мұқият пысықтаңыздар. Басты міндет – іс-шаралардың барлығын тиімді әрі дер кезінде орындау.

Сонымен қатар, Үкімет қолданыстағы инвестициялық саясатты қайта қарайды. Мемлекеттік органдарға орталықтандырылған цифрлық басқару енгізіліп, ұқсас функцияларды қайталауға тосқауыл қоймақ. Ең бастысы, микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді мақсатқа сай деп шешім қабылдады.