$453.64 €508.17 ₽5.59

Жолдау-2026: елімізге білікті ғалымдар, инженерлер, ұстаздар мен дәрігерлер қажет

AstanaTV
03.11.2026ж. 19:00
Жолдау-2026: елімізге білікті ғалымдар, инженерлер, ұстаздар мен дәрігерлер қажет

Университет қабырғасында жүрген әр жастың көкейінде бір сауал бар. Ол-диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасу, мамандығы бойынша еңбек етіп, қоғамнан өз орнын табу. Бұл мәселе- білім беру саласының ғана емес, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ақтөбеге келген депутаттар студенттермен кездесіп, Президент Жолдауындағы білім, ғылым және жастардың жұмыспен қамтылуына қатысты бағыттарды, мақсат- міндеттерді талқылады. 

Мадина Жұмахметова -жаратылыстану факультетінің 4-курс студенті. Болашақ биотехнологты жұмысқа тұру мәселесі толғандырады. Айлық маңызды емес, бастысы-тәжірибе, дейді студент. Оның айтуынша, бұл бағыт экологиядан бастап, қалдықтарды қайта өңдеуге дейінгі бірнеше саламен тығыз байланысты. 

МАДИНА ЖҰМАХМЕТОВА, СТУДЕНТ:

«Осы оқу орнын аяқтаған соң  өзінің мамандығы бойынша осы бір оқу орнында жұмыс істесем, болмаса бір мамандықты бітіргеннен кейін мамандық бойынша жұмыс істегісі келеді әрине. Бірінші сен тәжібире аласың, мамандық бойынша жұмыс жасайсың, кейін жақсы маман иесі болып қалыптасасың».

Жастардың кәсіби қалыптасуында университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланыс  зор. Оқу ордасында түлектерді кәсіпорындарға бағыттау үшін ірі компаниялармен әріптестік орнатқан. 

ҚУАНЫШ НҰРЛАНҰЛЫ, Қ. ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІ СТУДЕНТТЕР ӘКІМДІГІНІҢ ӨКІЛІ:

«Түлектермен тіклей байланыс бар. Өзіміздің түлектерді жұмысқа алу, оларды орналастыру, ірі компаниялармен ,ірі компанияларға шоғырландыру деген сияқты –оның барлығын университет жақсы деңгейде қарастырған. »

Депутаттар мамандық таңдауда нарық сұранысын ескеру керектігін айтты. Мәселен, энергетика, атом саласы, инженерия, экология мен цифрлық технологиялар бағытында білікті кадр қат. Ал жасанды интеллект жетілген заманда кейбір дәстүрлі мамандықтардың сипаты өзгеруі мүмкін. Сондықтан болашақ маман тек теориялық біліммен шектелмей, технологияны меңгерген, жаңашыл болуы тиіс.

ЛАУРА ҚАРАБАСОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ»ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 «Жылдың конкурсына қарайтын болсақ ең жоғарғы балдармен түлектер тапсырып талапкерлер, бірақ грантқа өте алмай қалған яғни конкурс ең жоғары болған бағыттар қандай деп ойласаңыздар бұл- аударма ісі. Қарап отырсаңыз қазіргі біздің цифрлық экономика жағдайында жасанды интеллект қазір кез-келген тексті, кез-келген мәтінді ғана емес дауысты , видеоны автоматты түрде аударатын жағдайда біз қаншалықты мұндай мамандықтарға жаппай ден қоюымыз керек ? қаншалықты сұраныс болуы мүмкін деген сұрақтар жөнінде де ойлану керек. Сондықтан шынымен де біз жолдауда айтылып жатқан энергетика мәселесі, қазір атом энергетика саласына мамандар өте қажет болады».

Диплом- кәсіби өмірдің бастауы. Ал сол жолда өз орнын табу үшін жастарға сапалы біліммен қатар, тәжірибе, технологиялық сауаттылық және үздіксіз ізденіс қажет. Кездесуде көтерілген мәселелердің түпкі мақсаты да -осы. Бәсекеге қабілетті, қоғамға қажетті заманауи мамандар даярлау.