$452.91 €509.43 ₽5.53

Кәсіп ашуға кедергі көп: Депутаттар мәселені шеше ала ма?

05.11.2026ж. 19:00
Кәсіп ашуға кедергі көп: Депутаттар мәселені шеше ала ма?

Елде қаржы іздеп қар басып, қаражат деп қыр асқан кәсіпкер көп. Бірі тиімді несие беретін банктің есігін тоздырса, енді бірі құжатын шимайлап, шарқ ұрып жүр. Ойлағанын жүзеге асырайын десе жолын жүз кесетін кедергі көп дейді. «Бизнесмендердің» бас ауруына айналған мәселе қанша рет көтерілсе де әлі күнге дейін шешімін табар емес. Жұмыс істеймін деп жұлқынғандар жарататын теңгені қайдан алады? Мемлекет қалай көмектеспек ниетте? Құрылтай қабырғасында қаузалған тақырыпты Аружан Задабек толықтырады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

«Бизнеске әркімнің-ақ бар таласы». Өзі би, өзі қожа болғысы келетін әр адам қалтаны қалыңдататын бір істің болғанын армандайды. Сол үшін идея іздеп, табысты тұлғалардан тәлім алуды да ұят көрмейді. Дегенмен,  қалтаны ақшаға толыру үшін идея аздық етеді. Оған теңге керек. Қомақты қаржы десек дұрыс болар. Кедір-бұдыры көп кәсіпкердің жолында бұған қол жеткізудің өзі оңай шаруа емес. Қаққан есігінің бірі кепіл сұраса, енді бірі пайызын алға тартады. Одан құтылдым ба дегенде тізілген құжат тізімін толықтырып шаршайды. Осылайша кәсіп ашып көсегемді көгертемін дегендердің көздегені күлге айналады. Сол үшін бизнес иелеріне берілетін көмекті бір ізге түсіру керек дейді депутаттар.

ГҮЛНАЗ АТАМҚҰЛОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жаңа кредиттік өнімдер мен қаржыландыру тетіктерін қалыптастыру қажет. Бұл шағын және орта бизнестің ірі кәсіпорындарға айналуына, жаңа жұмыс орындарын ашуына және қосылған құн қалыптастыруына мүмкіндік беруі тиіс. Бүгін Президент айтқан жаңа цифрлық экономиканы енгізу мәселесі де қаралды.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Биыл Қазақстан банк секторының активтері 76 триллион 800 миллиард теңгеге жеткен. Экономиканы несиелеу көлемі – 43 триллион 100 миллиард теңге. Оның 16 триллион 400 миллиарды бизнеске берілген несие. Тағы бір балама жол – қор нарығы. Яғни, инвесторлардан ақша тарту. Алайда бұл мүмкіндікті пайдалану да оңай емес. Биржаға шығу үшін аудиттен өту, заңгерлік құжаттарды әзірлеу, листинг шығындарын көтеру қажет. Шағын кәсіпкер үшін мұның өзі үлкен салмақ.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР  ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кредит беру құрлымы өзгеруде. Өткен жылдан бастап бизнесті кредиттеудің қарқыны кепілсіз тұтынушылық кредиттеуден өсу қарқыны тұтынушылық кредиттеуден өсіп келеді. Биыл тоғыз айда бизнеске берілген кредиттер 6,4 пайыз ұлғайып 16,4 трлн теңге болды. Ал кепілсіз кредиттер 5,1 пайызға ұлғайып, 12, 2 трлн теңгені құрады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Енді осы кедергілерді азайту көзделіп отыр. 2030 жылға дейінгі капитал нарығын дамыту бағдарламасында жеті стратегиялық бағыт пен 35 бастама қамтылған. Шағын және орта бизнес үшін биржаға шығу рәсімін жеңілдету, құжат тапсыруды цифрландыру, инвесторлар санын арттыру ұсынылған.

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП ПРЕЗИДИУМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президент Жолдауында шағын бизнес экономиканың негізі күшіне айналуы тиіс екенін айтты. Расымен, ауқымды инвестиция тартылған орта бизнес бізге үлкен пайда алып келді. Бастысы, биржаға шығу мүмкіндігі жіті қадағалау маңызды. Бұл шағын компаниялар үшін қажет. Өйткені оларға өз қызметіне қатысты сараптамалық талдау жасататын мамандарды табу және бағалы қағаздарды орналастыруды ұйымдастыратын делдалдарды тарту қиын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Кәсіпкердің қаржы іздеп табан тоздыруы Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалған жоқ. Президент биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлерге қатысты заңбұзушылық 34 процент азайғанымен, салынған айыппұл көлемі 11 пайыз өскенін айтты. Хош, көш жүре түзеледі. Бірақ бизнес өкілдерінің көшін жүргізу үшін оған жол ғана емес, жанармай да керек. Ал жанармайдың аты – қолжетімді қаржы.