$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын кәсіпкер алданып қалғанын айтып, зар илеп жүр

AstanaTV
11.04.2018ж. 20:00
5879
Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын кәсіпкер алданып қалғанын айтып, зар илеп жүр

Алматы облысында ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын кәсіпкер алданып қалғанын айтып, зар илеп жүр. Несие келісімшартына қол қойғанымен, қаражатты толық алмадым дейді. Бұған «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қатысы бар деп құзырлы органдарға шағымданған. 

Несие дауы он үш жыл бұрын басталған. Балтабай Асылбаев Есік қаласында қараусыз қалған  ғимаратты сатып алып, қолөнер бұйымдарын жасайтын цех ашады. Бір жылдан соң «Даму» қорынан 32 млн теңге несие алу үшін құжат өткізеді. Қор жобаны мақұлдап, қомақты қаражатты кәсіп иесіне бөлгенімен, ақша оның қолына толық тимеген.  

Советхан Асылбаева, Алматы облысының тұрғыны:

Маған 32 млн теңгеге қол қойғызып алып, қалалық «Даму» қоры мені облыстық «Даму» қорына жіберді. Ол жерден 16 млн-ға қайта келісімшарт жасап, үйімді залогқа қойдым. 11 млн беріп, сосын рефинансирование жасаймыз да, содан соң 32 млн-ды қолыңызға аласыз деп, мені алдап соқты.

Кәсіпкер 11 млн теңгенің 9,5 млнын қайтардым дейді. Ал, 2014 жылы «Даму» қоры Асылбаевтың үстінен Алматы облыстық экономикалық сотына арыз түсіріп, 17 млн теңге өндіруді сұраған. Іс Жоғарғы сотқа дейін жетеді. Кәсіп иесі де құқық қорғау органдарына шағымданады.

Шолпан Бостанқызы, қорғаушы: 

Коррупциялық қылмыс бар деп есептеп, Бас прокуратураға бардым. Осы қылмыстық істі ашуын, себебі республикалық бюджеттің қаржысын «Даму» қоры жымқырды деп есептеймін

«Даму» қорының өкілдері сауалымызға жауап беруден бас тартты. Тек кәсіпкердің айыптауына қатысты мынадай жазбаша хат жолдады.

«Есік қаласындағы ғимаратты жаңғыртып, қайта жабдықтау арқылы 250 орындық кинотеатр салу үшін» берілген. Шарт бойынша 16 930 000 теңге 3 транш арқылы берілуі керек: бірінші транш 5 000 000, екінші транш 6 200 000, үшінші транш - қаржының өз мақсатында жұмсалғанын растағаннан кейін берілуі керек еді. Бірақ клиент соңғысын алу үшін қаржының мақсатты жұмсалғанын растай алмады».  

Тараптар тартысып жүргенде кинотеатр өзгенің меншігіне өткен. Ғимаратқа жекеменшік құқық беретін құжаттардың түпнұсқасы Балтабай Асылбаевта болғанына қарамастан, өзге бір серіктестік оны аукцион арқылы сатып алады. Ал кәсіпкердің қолынан шыққан ұлттық қолөнер бұйымдары мен қондырғылар бір айдан бері шаң басып, шашылып жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Кәсіпкер тиісті органдар істің ақ-қарасын ажыратады деген үмітпен күн кешуде. Ол қордан ірі көлемдегі қаражатты алмағанын дәлелдеу үшін, қылмыстық істің тезірек тергелуін қалайды. Әлдебіреулердің қастандығынан пышақ жарақатын алып, әрең жаны қалған кәсіп иесі ақырына дейін күреспекші.

Ришат Асқарбекұлы