Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

IT саласын қазақшаландыруды армандайтын Сергей туралы.

AstanaTV
14.04.2018ж. 20:00
2964
IT саласын қазақшаландыруды армандайтын Сергей туралы.

Сергей Ахметов асфальт төсеушіден ай-ти маманына айналған адам. Алматы облысында дүниеге келген ол, орыс мектебі болмағасын қазақ мектебінде оқыған. Ата-анасы дүниеден ерте өткен, Сергей әжесінің қолында өскен. Мектеп бітіргесін Алматыға кетеді. Ноутбук алу арманына жету үшін асфальт төсейтін компанияға жұмысқа тұрады... Ақыры бағдарламалық қамтамасыз етумен айналысатын компанияда істейді. Қалтаға ақша түседі дегендей: пәтер, көлік, саяхат... Сосын big dataсаласына кеткен. «Үлкен мәліметтер» деген қысқа қайырғанда, технологиялық мүмкіндіктердің арқасында өте ауқымды мәліметтерді сараптау. Айтпақшы, Сергейдің былтыр күзде сол кездегі Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевқа арнап бейне арнау жолдағаны бар. Сергей Ахметовпен кездескен Олжас Нұржақыптың суреттемесі. 

Сергей қазақ тілін мектеп табалдырығын аттаған шағында үйрене бастаған. Себебі ауылда орыс мектебі болмапты. Қазір қазақшаға судай.          Өзінің айтуынша, компьютерге қызығушылық 6 сыныптан басталған. Мектептегі оқу пәніне информатика қосылған шақта.

Сергей Ахметов, IT маманы:

Ол кездері қызық еді. Қазір ғой компьютер деген күнделікті жағдайға айналды. Ол кезде менің есімде бар, мектепке әкеліп қойған 20 компьютер. Оған кіру үшін өзің киім алып барасың, қол жуасың деген сияқты. Сол жерде информатикадан беретін Мақсат ағай болған. Сол көрді, талпынысты. Негізі сол кісі сүйреген 11 класқа дейін жақсылап.

Осылайша, арман қуып Алматыға да келеді. Ноутбук алу үшін ауылдас балаларымен асфальт төсеуші болып орналасады. Айына 80 мың теңге тауып 3 жарым айда алғашқы техникасына қол жеткізеді. Бірақ дәл сол сатып алған түні қатты қызығушылықтан тоқтаусыз шұқылап бұзып қойған ем, деп еске алды, ол.

Сергей Ахметов, IT маманы:

Таңғы сағат жеті, звондап жатырмын, ойладым бітті,«молодец Секе» деп. Таңғы сағат жетіден звондап жатырмын елдер ренжіп жатты. Сөйтіп отырып орыстың баласы бар екен, сол кел деді. Автобусқа отырып соған бардым. Сол жасады, ноутбукті. Сөйтіп жүріп ой келді, мен неге сондай іспен айналыспасқа деп. Ютубтан курстар көріп, ақырындап өзім бастай бастадым. Ол кезде Түрксіб ауданында жатақханада тұрушы едім. Сөйтіп жүріп алғашқы бизнес басталды «ремонт компьютеров» деген.

Бұл салада 2 жыл аянбай еңбек етеді. Таңғы сағат 6-дан түнгі 2-3-ке дейін тынбай істеген күндерім болды деп еске алады Сергей. Сөйтіп 1 миллион теңгеге дейін табыс тапқан. Ауылдан шыққан баланың арман жолындағы мұндай мүмкіндігі оны жігерлендіре түседі. Ал өзін тәрбиелеп өсірген әжесін бір сәтке ұмытқан емес.

Сергей Ахметов, IT маманы:

Адамда кішкентай арман деген болады ғой. Ресторанға апамды апарсам деген кішкентай арман бар еді. Сол ресторанға барсам, бізде айти саласында жүрген адамдар футболка, шаштары майланып кеткен адамдар ғой, сөйтіп жүріп келсем, администратор ақшаң бар ма, дейді. Сол кісіге біраз ақша тастап кету керек болды, дәлел ретінде. Содан кейін көк базарға барып көйлек алып, негізі көйлек кимейтін адаммын, сол көйлек әлі күнге дейін бар. Бұл жерде апамның қуанышы. Өйткені ол кісілердің пенсиясы 40-50 мың болғаннан кейін жаңағы сегіз мың деген кәдімгідей ақша. Алматыға төрт рет келе алам ғой саған дейді. Соны жемей-ақ қояйық, столовойға барайық деген сияқты.

Иә, Сергейдің кәсібі көпке бармайды. Бәсекелестер көбейеді, қызметке жүгінетіндер азаяды. Осы сәтте ол бағдарламалау, сайт жасау сынды бағытқа бет бұра бастайды. Әртүрлі форумдарға қатысады. Адамдармен араласады. Осылайша, тәжірибе жинақтап, еліміздегі айти саласына етене сіңе түседі. Артынша, алты бала болып ірі компанияларға қызмет көрсетеді. Міне, осы сәтте өте көп қаржыға кенеледі. Алматыдан пәтер сатып алады, көлік мінеді. -Бірақ ақшаның көптігін көтере алмай, жұмысқа селқос қарай бастадық. Ақырында тарқап тындық. Дей тұрғанымен ай ти саласының дамуына үлес қостық, -дейді.

Сергей Ахметов, IT маманы:

Жоғарғы орта бизнес біздің Қазақстанның ай-ти саласына сенбейді. Сенбегенде бұл жерде ешкім қатты ізденбейді. Бізде стереотип бар - Украинаның балалары керемет жасайды деген. Одан кейін бізде бағдарлама саласында жүрген балалар жалғыз жүреді көп. Өзі кішкентай ИП ашып қойған, сайт жасайды деген сияқты. Өйтіп жүріп біз үлкен проектілерді жасай алмаймыз.

Ол үшін орта қалыптастырып, топ болып жұмыс істеп үйрену керек дейді Сергей. Осы мақсатта «big data» саласының елімізде сүрлеу салуына сеп болады. Алғаш екі бала болып бастаған, қазір компанияларында жүзден астам қызметкер бар. Бірқатар қалалардан кеңселерін ашыпты.

Сергей Ахметов, IT маманы:

Украинада аутсорсинг деген бағыт қатты дамыған. Ол жаңағы 1,1 миллиард доллар ВВП-ға алып келеді. Бізде де аутсорсинг дамып келе жатыр. Бірақ ондай деңгейде емес. Неге, өйткені Украина Еуропаға жақынырақ болғаннан кейін оларға заказ көбірек келеді. Одан кейін ол жерде орта бар. Бізде орта жоқ. Қалған екі бағыт бізде де, Украина, Беларуссияда құрылғылар жасамаймыз. Дайын программаларды жасамаймыз. Бұл жерде Ресей ғана алдыға өткен. Қалған жағдайда бірдей келе жатырмыз.

Сергейдің айтуынша, ай-ти саласы үшке жіктеледі. Аутсорсинг, құрылғыларды құрастыру және дайын бағдарламаларды жасау, енгізу. Бірақ бейнелеп айтқанда, бірде-бірі қазақша сөйлемейді. Сол себепті оның тағы бір арманы - аталған саланы қазақшалау. Қазақ балаларының білімін жетілдіруіне күш салу.

Сергей Ахметов, IT маманы:

Қазіргі армандардың бірі мен сияқты ауылда балалар көп. Маған көп жазады, ауылдағы балалар. Мысалы, қазақша ай-ти саласында мағлұмат жоқ. Ешқандай мағлұмат жоқ. Гуглдан көрсеңіз менің сөзімнің дәлелін табасыз. Біздегі сол бағыттардың бірі соны қазақшаға аударып жатырмыз. Қазір сол бағытта жұмыс жасап келе жатырмыз. Қазір арманның бірі сол, соны мен көтерсем, жалпы мен ойлаймын - қазақтың 50 баласын сөйтіп алып шықсам, өмірімнің мәні сонымен бітетін шығар.

Былтыр күзде қазақ-қырғыз арасына сызат түсе жаздағанда Қырғыздың сол кездегі президенті Атамбаевқа бейне-үндеу жариялап, азаматтық позициясын білдіргені оның «қазақтың 50 баласын көтерсем» дегенінің бір өтірігі жоқтығын дәлелдей түседі.

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».