Интернет-алаяқтықтың ауқымы кеңейіп, киберқылмыскерлер бір елде отырып, өзге мемлекеттің азаматтарын алдап жүр. Мұндай қылмыстармен күресу үшін халықаралық ақпарат алмасуды жеделдету қажет. Қазақстан осы мақсатта БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы конвенциясын бекітті. Жаңа құжат тергеу жұмыстарына қалай әсер етеді? Аяулым Изатқызы баяндайды.
АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Киберқылмыс шекара талғамайды. Бір елдегі шабуыл екінші мемлекетке оп-оңай тиеді. Мұндай қылмысты ашу үшін цифрлық ізді тез тауып, шетелдік әріптестермен дерек алмасу қажет. Сол үшін Қазақстан БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы конвенциясын бекітті. Құжат тәртіп сақшыларының бірлесіп жұмыс істеуіне, электрондық дәлелді тез алуға көмектеседі.
Тергеуге қажетті электрондық деректер 90 күнге дейін сақталуы мүмкін. Ал мемлекеттер арасындағы байланысты тәулік бойы жұмыс істейтін орталықтар қамтамасыз етеді.
ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Құжат құқық қорғау органдарының электрондық дәлелдемелердің ерекшелігін, яғни олардың бірнеше секундта жойылып кетуі мүмкіндігін ескере отырып, оларды қалай жинау керектігін егжей-тегжейлі реттейді. Мысалы, құжатта деректерді жедел сақтау, тінту және тәркілеу: компьютерлерге, серверлерге және криптоәмияндарға заңды түрде қол жеткізу тетіктері, деректерді нақты уақыт режимінде жинау, яғни тергеу кезінде трафик пен контент туралы мәліметтерді жедел ұстап алу мүмкіндіктері қарастырған.
Конвенция интернет-алаяқтыққа қатысы бар дропперлермен күресті де күшейтеді. Жыл басынан бері мұндай әрекетке қатысы бар 400-ге жуық адам жауапқа тартылған. Олардың арасында шетел азаматтары да бар. Жаңа құжат шетелдегі банк шоттары мен криптоәмияндар туралы ақпарат алмасуды жеңілдетеді.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Конвенцияны іске асыру шетел мемлекеттеріне Қазақстанның ақпараттық ресурстарына еркін қол жеткізу құқығын бермейді. Бізде тексерудің үш деңгейі бар: ведомстволық, прокурорлық және сот санкциясы. Сонымен қатар бұл құжат тергеушілерге тікелей екіжақты шарттарымыз жоқ елдермен де ынтымақтасуға құқықтық негіз береді. Жыл басынан бері шетелдік әріптестерден дәлелдемелерді сақтау бойынша 200-ден астам сұрау түсті.
Цифрлық қауіпсіздік медицина саласы үшін де маңызды. Өйткені бүгінде науқастардың жеке және медициналық деректері электрондық жүйелерде сақталады. Осыған байланысты Құрылтайда денсаулық сақтау саласындағы заң жобасы да қаралды. Өзгерістер медициналық қызметтерді цифрландыруды және мамандардың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Енді науқастар емделуге келісімін электронды түрде бере алады. Ал күрделі оталар кезінде жазбаша келісім талап етіледі. Сонымен қатар медициналық жүйелерге мәлімет енгізетін мамандардың жауапкершілігі күшейтіліп, жасанды интеллектіні қолдану тәртібі нақтыланады.
ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Егер баланың ағасы немесе әпкесі ауырып қалса, генетикалық сәйкестік болған жағдайда, ата-анасының және баланың өз келісімімен гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауға болады. Бұл жерде ағза мүшелерін ауыстырып салу туралы сөз болып отырған жоқ. Процедура барысында донордың көктамырынан қан алынып, одан дің жасушалары бөлініп шығарылады, ал қалған қан қайтадан донордың ағзасына жіберіледі.
Заң жобасы ауыр қан ауруына шалдыққан балаға генетикалық тұрғыдан сәйкес келген туған бауырының дің жасушаларын пайдалануға мүмкіндік береді. Ол үшін ата-анасының және баланың келісімі қажет.