Батыс Қазақстан облысында жылқы ұрлауды кәсіп қылған қылмыстық топ ұсталды. 150-дей жылқыны олжалаған барымташылардың шаруаларға келтірген шығыны 90 миллион теңгеге жуықтайды. Күдіктілер жедел-профилактикалық іс-шара кезінде қолға түсіпті. Төрт адамнан тұратын қылмыстық топқа мал ұрлады бар деген айып тағылып отыр. Тәртіп сақшылары олардың 6 ұрлыққа қатысы бар деп күдігін жасырмайды. Бүгінде сот санкциясымен барымташылардың бәрі де қамауға алыныпты. Енді кінәсі дәлелденсе, олардың 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
АБЫЛАЙХАН СЕРІКОВ, БҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктілердің жалпы құны 86 млн теңгеден асатын 148 жылқыны ұрлау дерегіне қатысы бар екенін анықтады. Аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.