$458.85 €503.5 ₽5.59

Жалған медициналық анықтама жасаған клиникаға қатысты министрлік жауап берді

AstanaTV
27.11.2026ж. 19:00
Жалған медициналық анықтама жасаған клиникаға қатысты министрлік жауап берді

Күні кеше арнамыздың тілшісі эксперимент істеп, жекеменшік клиникалардың денсаулықты тексермей медициналық анықтама сатып жатқанын анықтаған еді. Ақшасын төлесең, санитарлық кітапша да, еңбекке жарамсыздық парағы да оп-оңай рәсімделетінін көрсетті. Сол сюжеттен кейін Денсаулық сақтау министрлігі жағдайға қатысты ресми пікір білдірді. Айтуларынша, аталған клиникада бұған дейін тексеру жүргізіліп, тіпті іс сотқа жіберіліпті. 

ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ:

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 81, 230, 424 және 464-баптарына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. Іс материалдары Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Клиника басшылығына заңбұзушылықтарды белгіленген мерзімде жою туралы нұсқамалар берілді. Сондай-ақ, лицензиялық талаптарды сақтау, ішкі сапа бақылауын күшейту және медициналық құжаттаманы тиісті деңгейде жүргізу жөнінде ұсынымдар ұсынылды.

Іс сотқа жіберілсе де, клиника қитұрқы әрекетін тоқтатпаған.  Жалпы клиника мұндай жағдайда жұмысын жалғастыра бере ала ма, әлде уақытша тоқтатуы керек пе? Заңгерден аражігін ажыратып беруін сұрадық. 

ҚУАТ АУҒАНБЕК, ЗАҢГЕР:

Ол жерде уақытша тоқтата алмайды. Себебі сот шешімімен олар әлі кінәлі деп танылған жоқ қой. Сол себептен олар өздерінің жұмыстарын қазірше жалғастыра беруі мүмкін. Соттың шешімі қалай шығады, қандай деңгейде шығады, айыппұл ма немесе қылмыстық іс қарастыра ма, олар өздері сол жерде қаулы шығарады.