$458.85 €503.5 ₽5.59

Алматыда бірнеше құрылыс бригадасы еңбекақысын ала алмай жүр

AstanaTV
27.11.2026ж. 19:00
Алматыда бірнеше құрылыс бригадасы еңбекақысын ала алмай жүр

Алматыда бірнеше құрылыс бригадасы айлап еңбек еткен ақшасына қол жеткізе алмай жүр. Бірі шекарадағы өткізу бекетін салса, енді бірі емхана құрылысын аяқтаған. Алайда жұмыс біткен соң тапсырыс берушілер мен делдалдар уәдесін орындамай, байланысқа шығуды қойған. Бір қызығы, жалақы дауына ресми келісімшарты бар жұмысшылар да тап болған. Мәселенің мән-жайын Ғазиза Әмірбек анықтады. 

Он адамнан тұратын бригадаға берешек 7–8 миллион теңгеге жеткен. Жұмысшылар шекарадағы автомобиль өткізу бекетін салып, міндеттерін орындаған. Алайда бір айға жуық уақыт өтсе де, ақшаларын ала алмай отыр. Оның үстіне, жұмысқа ресми келісімшартсыз кіріскендіктен, қаржыны талап ету де қиындаған.

ЖЕҢІС АХМЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көпшілігінің қарызы бар, кейбірі қара тізімге де ілінген. Сондықтан ресми келісімшартпен жұмысқа тұру қиын. Бізге жалдамалы жұмыс істеп, ақшаны тезірек алып, банктегі қарыздарды жабу тиімді. Жұмыс берушілер мұны жақсы түсініп, «апта сайын төлейміз» деп уәде береді. Біз де сол сөзге сеніп, алданып қалдық.

Жұмысшылардың шағымын тыңдауға мердігер компания өкілдері келісті. Алайда олар өздеріне жүктелген міндетті орындағанын алға тартады. Айтуларынша, жұмысқа жауапты қосалқы мердігерге қаражат толық аударылған. Ал оның жұмысшылармен қалай есеп айырысқаны компанияның құзыретіне кірмейді.

Жалақы дауы мұнымен шектелмейді. Алматыдағы емханалардың бірінде жөндеу жүргізген үш бригаданың да еңбекақысы төленбеген. Бұл жолы жұмысшылардың қолында келісімшарт та, орындалған жұмысты растайтын құжаттар да бар. Соған қарамастан, шеберлер үш айдан бері 20 миллион теңгеден астам қаржысын күтіп жүр.

ДИАС ӘЛМЕНОВ,  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мамыр айында жұмысқа кіріп, екі-үш ай еңбек еттік. Үлкен емхананың құрылысын толық аяқтап шықтық. Содан бері үш ай өтсе де, еңбекақымызды ала алмай жүрміз. 50-60 жігіт кеңсенің, әкімдіктің алдында жүр. Ақшамыз әлі аударылған жоқ. Күн сайын түрлі сылтау айтып, күте тұруымызды сұрайды. «Келесі аптада береміз» деп үш айдан бері созып келеді. Біз жұмысты толық аяқтап, келісімшартқа қол қойып, орындалған жұмыс актілерін де жапқанбыз.

 Еңбек инспекциясы өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайда азаматтар ресми өтініш жазып, жұмыс беруші туралы мәліметтер мен заңбұзушылық деректерін көрсетуі қажет. Содан кейін департамент жоспардан тыс тексеру жүргізе алады.

НҰРДАУЛЕТ АХМЕТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Өтініште еңбек заңнамасының нақты қандай талаптары бұзылғанын және жұмыс беруші туралы мәліметтерді көрсету қажет. Осы өтініш негізінде Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргіземіз. Егер заңбұзушылық анықталса, оны жою туралы міндетті нұсқама беріп, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.

Мамандар еңбек шарты жасалмаса да, жұмыс істегенін дәлелдеуге мүмкіндік бар екенін ескертеді. Ол үшін жұмыс берушімен жазысқан хаттар мен өзге де айғақтарды сақтау маңызды. Ал орындалған әр жұмысты актімен бекітіп, құжаттарын жинап жүру кейін еңбекақыны талап етуге көмектеседі. Өйткені жұмыс барысында жасалған әрбір дәлел кейін өз құқығын қорғауға негіз бола алады.