Елде жатыр мойны обырынан күн сайын екі әйел көз жұмады. Жаға ұстатар дерек Денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа жиында айтылды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов скринингтік тексерістен бас тартқан жағдайда азаматтарды заңмен жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты. Өйткені науқастар дәрігерге обырдың соңғы деңгейіне жеткенде келеді. Министр тегін медициналық тексерісті уақытында өтуді сұрайды.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Ортақ жауапкершілік - бұл саналы мемлекеттердегі саналы тәжірибе. Сондықтан осы тұрғыда бізде осы халықаралық стандарттарға кезең-кезеңімен көшуіміз қажет. Ортақ жауапкершілік ол - заңды тұрғыдағы сұрақтар. Кодекстің шеңберінде жыл соңына дейін бұл сұрақ талқыланатын болады.
Елде
салауатты өмір салтын насихаттау жұмысы ақсап тұр. Министр осылай деп отыр.
Жұртқа қызықсыз нұсқаулықтар тарату заманы өтті деп, насихатты ғаламторда
жүргізуді тапсырды. Жиында қазақстандықтар шығынының 40 пайыздан астамын
медициналық көмек алуға жұмсайтыны белгілі болды. Халықаралық есеп бойынша ол
20 пайыздан аспауы тиіс. Одан артық болса, халық кедейшілігіне әкеледі деп
отыр.