$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкентте бір отбасын көлігімен қаққан экс-полицейге шартты жаза тағайындалды

AstanaTV
02.05.2018ж. 20:00
3299
Шымкентте бір отбасын көлігімен қаққан экс-полицейге шартты жаза тағайындалды

Шымкентте бір отбасы мүшелерін көлігімен қағып кеткен экс-полицейге қатысты іске нүкте қойылды. Айыпталушы жазасын шартты түрде өтейтін болды. Жантүршігерлік  жол апатында бір адам ажал құшып, тағы екі жүргінші ауруханадан бір-ақ шыққан еді. Судья бұрынғы құқық қорғаушыға 2,5 жыл жаза тағайындады. Неліктен мұндай шешім қабылданғанын әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Қылмыстық істі қараған Қаратау аудандық сотының дерегіне сүйенсек, жәбірленуші мен айыпталушы тарап сотқа дейін бітімгершілікке келген. Көлік астына түсіп мерт болған адамның отбасына айыпталушы баспана сатып әперген. Осыны алға тартқан жәбірленуші тарап соттан экс-полицейді кешіруін сұраған. Бірақ ол сот үкімімен 2 жыл 6 ай шартты жаза арқалады. 

Момбек Әмірбеков, Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының судьясы:

Сот осындай айыптау үкімін шығарып, оған екі тараптың жарасқандығын есепке ала келе және сотталушының бұрын соңды сотталмағандығын, оның асырауында үш жас баласының бар екендігін ескере келе, сот оған мынандай бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындады.

Жол апаты Мәртөбе тұрғын алабында болған еді. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан бір отбасы мүшелерін жол ережесін өрескел бұзған автокөлік қағып өтеді. 37 жастағы отағасы оқиға орнында жан тапсырды. Әйелі мен баласы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Оқиғаға куә болғандар жүргізуші тежегішін тіпті басқан да жоқ деген-ді. Кейін анықталғандай, көлікті Сайрам аудандық ішкі істер басқармасы анықтау бөлімінің бастығы Жандос Оразалиев басқарған. Сол оқиғадан соң ол қамауға алынған.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейін, экс-полицей бұрынғы қызметіне орала алмайды. Ол сондай-ақ төрт жыл мерзімге автокөлік басқару құқығынан айырылды. Сотталғанның апелляциялық шағым түсіретін не түсірмейтіні белгісіз. Судьяның айтуынша, сотқа дейін де, сот барысында да ол өз айыбын мойындамаған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ