Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

23-26-шы мамыр аралығында V Халықаралық «KADEX - 2018» көрмесі өтеді

AstanaTV
11.05.2018ж. 20:00
2803
23-26-шы мамыр аралығында V Халықаралық  «KADEX - 2018»  көрмесі өтеді

23 мамырда Астанада kadex әскери техникалар көрмесі ашылады. Ондағы маңызды алаңдардың бірі - ұшақ шығаратын Еурокоптер зауыты болмақ. Қазір зауытта халықаралық көрмеге қызу дайындық жүріп жатыр. Өз өнімдері мен қызмет түрлерін келушілер назарына ұсынатын болады. Айта кетейік, дәстүрлі халықаралық шараны бұл жолы Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі ұйымдастыруда.

«KADEX - 2018» көрмесіне әскери техникалық өнім шығаратын 98 шетелдік компания өкілдері қатысады. Жалпы алғанда әлемнің 27 елінен 301 кәсіпорын өз өнімдерін көрсетеді. Соның бірі - қазақстандық тікұшақ шығаратын «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг».

Русланбек Исетов, «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС техникалық бөлімінің басшысы:

Зауыт ашылғалы 2011 жылдан бастап біз ЕС 145 маркалы 26 тікұшақ шығардық. Біздегі құрастыру екінші дәрежелі деп аталады. Онда 1 айда шамамен 1 тікұшақ жасап шығаруға болады.

Зауыт қазір тікұшақтарды техникалық тексерістен өткізу қызметіне бейімделіп жатыр. Көршілес елдер әуе көліктерін осында жөндетеді. Өйткені қызмет сапасы еуропалық стандартқа сай, ал бағасы әлдеқайда арзан. Серіктестікке серпін беріп отырған тағы бір қызмет түрі - ол мына оқу-жаттығу орталығы. Ұшқыштар мен техникалық мамандар мұнда қайта даярлаудан өтеді.

Мадияр Қаражанов, «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС авиациялық оқу орталығының басшысы:

«Бұл қауіпсіздік тұрғысынан тиімді, өйткені жаттығулар жерде өтеді. Екіншіден, навигация мен керосинге шығынданбаймыз. Әуедегі жаттығулардан арзан әрі қауіпсіз».

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Осы оқу орталығы ТМД елдері арасында тек Қазақстанда ғана бар. Бұл шындыққа барынша жақындатылған. Өткен kadex көрмесінде алғаш тұсауы кесілген оқу орталығы содан бері 60-қа жуық ұшқышты қайта даярлап шығарған. Биылғы kadex көрмесінде келушілер назарына тағы бір мәрте ұсынылмақ. 

Әскери техникалар көрмесі бұл жолы бесінші рет өтеді. Астананың 20 жылдығымен, Қазақстан ғарышының 25 жылдығымен сәйкес келіп отырған биылғы көрме жаңа форматта жасалмақ. Онда ақпараттық қауіпсіздік, қаруды басқару және байланыс мәселелеріне басымдық беріледі.