Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жеке мәліметтеріне қолжетімділікті бұғаттауға әрбір қазақстандықтың мүмкіндігі болады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы мәлімдеді. Мақсат - жеке басқа қатысты мәліметтерді заңсыз беру мен қолдануға тосқауыл қою. Бір сөзбен айтқанда, операторлар азаматтардың жеке мәліметтерін көре алмайды. Ол үшін адамдардан арнайы СМС хабарлама түрінде рұқсат болуы тиіс. Қазір оператор жеке мәліметтерді халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғынның өзі болған жағдайда және міндетті электронды талон алған соң аша алады. Тұтынушының дәл өзіне қызмет көрсетілгенін растау үшін суретке түсіреді. Оған қоса қолтаңба қоятын хат беріледі. Мемлекеттік корпорация басшысының дерегінше, кей орталықтарда бұл ереже бұзылған.
Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы:
Қызметкерлер жұмыс берушімен жеке мәліметтерді қорғау туралы келісімшарт жасасқанымен, ол ережелерді өз қолдарымен бұзады. Сондықтан бұған тыйым салудың техникалық жолын қарастырдық. Мемлекеттік корпорация азаматтардың жеке кабинет арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызмет алу процесін көріп, сараптауына мүмкіндік туғызып отыр.