$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда "Нұр Отан" партиясы мүшесі көп балалы жалғызбасты әкеге үй алып берді

AstanaTV
22.06.2018ж. 20:00
3817
Атырауда "Нұр Отан" партиясы мүшесі көп балалы жалғызбасты әкеге үй алып берді

Атырауда жалғызбасты әке қоныс тойын тойлады. Шиеттей 4 баласымен пәтер жағалап көшіп жүрген азамат баспаналы болды. Мұндай игі шара "Нұр Отан" партиясының «20 қайырымды іс» акциясы аясында жүзеге асты. Партия мүшесі Әлібек Семғалиев отбасына осындай керемет тарту жасады.

Бүгін Қайрат Әлипановтың отбасы үшін - бақытты күн. Нұротандық депутат, атыраулық кәсіпкер азамат көп балалы жанұяға пәтер кілтін табыстады.

Бұл отбасының әкесі де, анасы да - Қайраттың өзі. Әйелі тұрмыстық қиындыққа шыдамай, балаларды күйеуіне тастап кетіп қалған. Содан бері жауапкершілік жүгін арқалаған азамат қаладағы екі балабақшада аула тазалаушы болып жұмыс істейді. 20 жыл бойы әркімнің баспанасын жалдап күнелтіп, пәтерден-пәтерге көшкен күндердің  артта қалғанына шүкіршілік етеді.

Қайрат Әлипанов, Атырау қаласының тұрғыны:

Депутат ағаларға көп рахмет айтамын. Жақсы игі іс істеп  жатыр. Бұрын үй жалдап тұрдық әр жерде. Жататын жеріміз жоқ., ыңғайсыз. Қыздарым өсіп келе жатыр. Беріп отырған үй өте ыңғайлы.

Аймақта іссапармен жүрген елімізге танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген де қоныс тойға құтты болсын айта келді. Отбасына жұмсақ жиһазды сыйға тартатынын жеткізді. Қайратпен бірге жұмыс істейтін жандар да қарап қалмай, жаңа пәтерге тұрмысқа қажетті заттарын ала келіпті.

Гүлайым Қашкенова, №27 балабақша меңгерушісі:

Жақсы жұмыскер деп айта аламын. Балаға қамқор. 4 баласын өзі асырап отыр қазір. Бұл заманда анасыз баланы асырау қиын деп ойлаймын. Сондықтан да бұл кісі үйге лайықты деп ойлаймын. Себебі адамгершілігі мол адам.

Отбасындағы балалардың ең үлкені 16-да, кішісі 3 жаста. Ересектері әкесіне қолқанат. Үлгілі балғындар сабақты үздік оқиды. Олар үйді қалай жасақтайтынын, қай заттың қайда тұратынын да жоспарлап қойған.