$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Бәйтерек" холдингі кәсіп ашқандарды қолдайды

AstanaTV
02.07.2018ж. 20:00
3132
"Бәйтерек" холдингі кәсіп ашқандарды қолдайды

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі бизнес моделін «бір терезе» қағидасына сай өзгертуде. Бұл туралы Атырауда «Бәйтерек холдингі және халықаралық қаржы ұйымдарының бизнесті қолдау құралдары» тақырыбында өткен форумда айтылды. Жиынға ірі инвестор компаниялармен қатар, шағын-орта бизнестің 200-дей өкілі қатысты. Аймақта холдингтің қолдауына ие болған кәсіп иелері баршылық.

Атыраудағы «Дәулет Нан» наубайханасы - «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің қаржылық бағдарламасының жемісі. Жоба үшін Ұлттық қордан 6 пайызбен 121 млн теңге бөлініпті. Нәтижесінде 90 жаңа жұмыс орны ашылған. 

Әмина Ақдрашева,  «Дәулет нан» кешенінің директоры:

Наубайхананы «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасының қолдауы арқасында аштық. Қазір кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұр, ауысымына 15 тонна  өнім шығарамыз. Біздің жобаның бірегейлігі - нанға ашымаған ұйытқы саламыз. Жұмыс тәулік бойы үздіксіз жүреді. Жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған. Қазір 55 түрлі өнім шығарамыз, болашақта өнім түрлерін көбейту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бағдарлама басталған 2013 жылдан бері аймақта 600-дей жобаға қолдау жасалып, 83 млрд теңге несие  берілді. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлердің бүгінгі форумнан күтері мол. Олар өнімдерімен таныстырып, кәсіптерін кеңейту бойынша мақсатымен бөлісті

Гүлзада Қайырғалиева, Атырау облыстық кәсіпкерлер басқармасы басшысының орынбасары:

Былтыр 300-ге жуық кәсіпкердің жобасы субсидиаланды. Сонымен қатар 100-ге жуық кәсіпкер "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы шеңберінде кепілдендіру алды.

Форумда Бәйтерек холдингі мен оның 11 еншілес ұйымы өкілдері кәсіпкерлер мен инвесторларға қаржылық қолдаудың негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Жиналғандар инвесторларды экономиканың басым секторына тартатын «бір терезе» қағидасы нәтижелі боларына сенімді.

Дамир Мусин, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі АҚ жобалық жетекшісі:

Форум барысында холдинг Бәйтеректің және еншілес ұйымдарының өкілдерімен және жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлармен бетпе бет келіссөздер өткізілді. Сонымен қатар Атырау облысының кәсіпкерлері мен инвесторларына инвестициялық жобалары бойынша қосалқы  ақпарат алуға  және оны қарастыруға келісімге қол жеткізілді.

Форум соңында әр кәсіпкер өзін қызықтырған қаржы ұйымы өкілімен жеке-дара кездесіп, кеңес алуға мүмкіндік жасалды.