Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Үй мен көлік сатқаннан зейнетақы қорына ақша аударылмайды

AstanaTV
30.07.2018ж. 20:00
2979
Үй мен көлік сатқаннан зейнетақы қорына ақша аударылмайды

Үй мен көлік сатқаннан зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Ал азаматтық-құқықтық келісІмшарт бойынша жұмыс істейтіндер тапқан табысынан 10 пайызды қорға аударуға міндетті. Шілденің 14 күні осы заң күшіне енді. Заңның олқылығынан жұрт құжатты қате түсініп, демалыс күндері әлеуметтік желіде біраз дүрбелең туғызды. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Жұртты дүрліктірген 27-шілде күні шыққан мына мақала. Заңда азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша тапқан табыстан зейнетақы қорына 10 пайыз төлейсіз деп жазылған. Ал азаматтық-құқықтық келісімшарттың 30 түрі бар. Оған үй-көлік саудасы, тағысын тағы кіреді. Автордың сөзінің жаны бар. Тақырыпты заңгерлер іліп әкетті. Құжатта жалпылама жаза салған. Нақтылық жетіспейді дейді олар.

Сергей Уткин, заңгер:

Қате құрастырған. Тым құрығанда "Азаматтық-құқықтық келісімшартпен қызмет көрсету бойынша тапқан табыс" деп жазса, бәрі түсінетін еді. Қызмет көрсету деген сөз жоқ. Осыдан барып түсінбеушілік туындады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары демалыстан қағылды. Шуды басу үшін вице-министр "Фейсбукте" мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Заңнан бөлек Үкіметтің қосалқы қаулысы шығады. Сол қаулыда қандай жағдайда келісімшарт бойынша табыстан зейнетақы қорына жарна төленбейтіні көрсетіледі. Ол тізбекке жылжымайтын мүлік саудасы, банктегі депозиттер деген сияқты тізбек бар дейді. Бірақ, заңмен қатар шығуы тиіс қаулы кешігіп жатыр.

Юрий Тілеумұратов, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы кеңесінің төрағасы:

Кез келген заң күшіне ену үшін оны әзірлеуге уақыт беріледі. Ол қаулы 14 шілдеде шығуы тиіс-тін. Бүгін 30 шілде ол әлі жоқ. Жақын күнде ол қаулы шығады деп үміттенеміз. 

Депутаттар да демалыста құжат ақтаруға мәжбүр болған.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Өзім аң-таң болдым, таныстарым звондай бастады. Аманжан, ішінде жүрсің ғой деп, содан кейін ғана барып мен құжаттарды көтеріп...

Ал штаттан тыс қызметкер зейнатақы қорына 10 пайыз жарна төлеуге міндетті. Бұған дейін өз еркі еді. Үш жыл бойы фрилансер ретінде жұмыс істеген журналист Александр Рыжих жұмысын ауыстырған. Жалақыдан жырып өз қалтасынан қорға жарна аудару - тиімсіз.

Александр Рыжих, журналист:

Үш жыл бір басылымда фрилансер болдым. 2 жылдан соң, зейнетақы қорына жарна аудару туралы айтып едім. Жұмыс беруші келіспеді. Басқа редакцияға ауыстым.

Бұрын-соңды компанияларға келісімшарт арқылы жұмыс істейтін қызметкерлер қабылдау бір жағынан тиімді болатын. 10 пайыз артық аудармайды. Қазір бұл салмақ жұмысшыға түскелі тұр. Бәрі бірдей штатқа өтуге тырысады. Немесе... Немесе "келісімшарт" жасамай-ақ, жалақыны конвертпен алуға көшеді. Айтпақшы, фрилансер зейнетақы қорына ақша аудармаса, заңмен жазаланады.