Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қарағандыда зымыран тасығыш қалдықтарын залалсыздандыру жаттығулары пысықталды

AstanaTV
23.08.2018ж. 20:00
3510
Қарағандыда зымыран тасығыш қалдықтарын залалсыздандыру жаттығулары пысықталды

Қарағанды аймағына «Байқоңырдан» ұшқан зымыран тасығыш қалдықтары құлады. Осындай сценариймен құтқарушылардың оқу-жаттығуы өтті. Мамандар зымыран отынынан тараған радиациялық улы заттарды қалай жойды? Айжан Қуаш құтқарушылар атқарған шұғыл істерді көріп қайтты. Жаңа ғана құлаған зымыран қалдығы, нақтырақ айтсақ, зымыран отыны - гептил жана бастады. Байқоңырдан шұғыл хабар алған құтқарушылар аумақты қоршап үлгерді.

Айжан Қуаш, тілші:

Құтқарушылар дәл қазір Протон қалдықтары құлаған жерді зарарсыздандырып жатыр және бұл шараны тез арада өткізу керек. Өйткені гептил бір - екі тәуліктің ішінде  2 метр жерге сіңіп кетуі мүмкін.

Су мен көбік бүрку - радияциялық-химиялық зиянды заттарды бейтараптандырудың бірден бір тәсілі. Сондықтан мейлінше көп себіледі. Алайда улы шаң айналаға әп-сәтте тарайтындықтан, мамандар арнайы киімдер киеді. Олардың алдында адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау міндеті қатар тұрады.

Виталий Калмыков, Қарағанды қалалық өрт сөндіру қызметінің арнайы отряд командирі:

Мұндағы өрт пен улы заттардан қатар қорғану керек. Сондықтан арнайы киім киеміз. Біреуіміз көбік шашсақ, екіншіміз улы шаңды су бүркіп басамыз. Өртті тез арада сөндірген соң жерді тексеруге басқа қызмет келеді.

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Жерге өте қатты зияны бар. Сондықтан оны тез жаңағыдай раствор сулармен араластырып, тезірек ұстап қалсақ, бұл жерге аса қауіпті зияны болмайды.

Қарағанды облысына зымыран тасығыш қалдықтары тәуелсіздік алғалы бері 6 рет құлаған. Апаттан құтқару шараларына аймақтың барлық азаматтық қорғау күштері жұмылдырылған болатын. Сондықтан ең көп оқыс оқиға тіркелген аймақтың дайындығы жыл сайын пысықталады.

Айжан Қуаш