$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Павлодарда жыл басынан бері 18 қаршадай қыз бала тауып, ана атанған

AstanaTV
07.09.2018ж. 20:00
3378
Павлодарда жыл басынан бері 18 қаршадай қыз бала тауып, ана атанған

Ал Павлодарда бесіктен белі шықпай жатып, ана атанғандар саны артып барады. Жыл басынан бері 18 жеткіншек босанған. Кәмелет жасқа толмай сәбилі болған қыздардың ең жасы 14-те. Жас аналардың бірі уақытынан бұрын босанса, екіншісі дүниеге егіз бала әкеліпті. Дәрігерлер қоғамға жат қылықтың белең алғанына алаңдаулы. Ақ халаттылар ағзасы әлі жетілмеген пациентті қабылдағанда бірден кешенді шара жүргізетінін айтады. Жасөспіріммен гинеколог мамандар ғана емес, психологтар да жұмыс істейді.

Айман Оспанова, Павлодар облыстық перинаталдық орталықтың басшысы:

Қазір бізде бедеулік мәселесі өткір тұр. Баласы жоқ отбасылар қаншама? Бөлінетін квотаны жыл сайын ұлғайтсақ та, олардың саны азаяр емес. Бұл әйелдің жас кезінде жасанды түсік жасатуынан туындаған проблема болуы мүмкін. Немесе ерте жыныстық қатынасқа түскенде жұқтырған түрлі инфекцияның кесірі. Бір мәселе екінші проблемаға әкеледі. Сонысымен қауіпті.

Жап-жас жүкті қыздарда түрлі  аурулар асқынады дейді дәрігер. Жиі кездесетіні - сіңір тартылу, бронхиттік демікпе, анемия, тіпті жатырды алып тастауға әкелетін қан кету. Соңғы жарты жылда аймақта балиғат жасына жетпеген 13 қыз жүктілікті жасанды түсік арқылы үзген. Бұл шешімге олар ата-анасының келісімімен барған.