Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылордада орта тапты жасақтау жайы сөз болды

AstanaTV
02.10.2015ж. 20:00
1066
Қызылордада орта тапты жасақтау жайы сөз болды

Бүгінде орта тапқа кімдер жатады? Орташа табысы бар тұрғындардың санын арттыру үшін, қандай жұмыстар атқару керек? Бұл сауалдарға бүгін Қызылордада өткен дөңгелек үстел басына жиналған Қазақстан, Ресей және Польша сарапшылары жауап іздеп көрді.

Көпшілік қоғамның орта сыныбына дәрігер, профессорлар мен инженерлерді топтастырады. Бір сөзбен айтқанда, интеллигенция өкілдері - осылар. Бұл үрдіс 19-20 ғасырларда қалыптасқан еді. Сарапшылар бүгін олардың қатарына шағын және орта бизнес өкілдерін де жатқызды.

Владимир Колмогоров, өндіріс және өнеркәсіп халықаралық конгресінің вице-президенті:

Бұл - әртүрлі топтардың жиынтығы. Сол жиынтықтың ұйытқысы, ол - шағын және орта бизнес болып табылады. Бұл топ ой-өрісі биік, парасатты, түрлі мамандық иелерімен қалыптасуы қажет.

Сарапшылар орта сыныпқа енетін мамандық иелеріне тән ортақ белгілерді айқындады. Ол - отбасылық кіріс мөлшері, білім деңгейі, кәсіптік шеберлігі, тіпті салауатты өмір салтын ұстану. Сонымен қатар, бизнестен хабары болуы шарт. Ал кәсіпкерлікке алғаш қадам басқандарға арнайы «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы қабылданған болатын.

Дәулет Арғандықов, «Жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ президенті:

Бұл бағдарламада ынталандыру, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері қаралған, басым бөлігі ауыл тұрғындары үшін. Жалпы төрт жылға 68 миллиард теңге бөлінген. 35 мың адамға қолдау көрсетіліп, 70 пайызы алғаш рет бизнеске жол ашты. Басқаларды жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы, «Жұмыспен қамту -2020 жол картасы» бағдарламасының шапағатын 550 мың қазақстандық көрді. Дөңгелек үстелге қатысушылар, шағын және орта бизнеспен айналысатындар қатарын арттыру үшін, несие алу, салық төлеу сынды мәселелер бойынша оңтайлы механизмдерді қарастыру қажет екенін айтады. Бұл орта сынып өкілдерінің санын артырады деген сенімде. 

Шарипа САҚТАПОВА