$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Ғ. Мұстафин ауылында топан судан зардап шеккендер шығынды есептеген комиссия шешіміне наразы

AstanaTV
20.05.2015ж. 13:00
1605
Ғ. Мұстафин ауылында топан судан зардап шеккендер шығынды есептеген комиссия шешіміне наразы

Топан судан қатты зардап шеккен Қарағанды облысы Ғабиден Мұстафин ауылының тұрғындары шығынды есептеген комиссияның шешімімен келіспейді. Наразы топтың айтуынша, бағалау компаниялары халықтың құрдымға кеткен дүние-мүлкін тиын-тебенге шаққан. Тұрғындар комиссия «шығын көлемі қайта есептелмейтінін» кесіп айтты деп отыр. Енді шарасыз халық мәселеге биліктің араласуын сұрайды. Наурыздың аяғында болған тасқыннан Ғабиден Мұстафин ауылындағы жеті жүзден астам баспана бүлініп,тұрғындар зардап шеккен болатын. Үй жиһаздары, тұрмыстық техника түгелдей істен шықты. Ауыл халқы, су жаңа мүліктерінің несиесін әлі төлеп отырғанын айтады. Алайда, шығынды есептеумен айналысқан комиссия өкілдері мұны ескермеген. Комиссия шығарған қорытындыға да ауылдықтар амалсыз қол қойған.

Гүлнәр Хасенова, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

Жатын төсек, диван, теледидарымыз су жаңа болатын. 235 мың тұратын диван, ас үй жиһазы 135 мың тұратын. Несеге алғанбыз. Осының бәрін 2 жүз мыңға бағалады. Адамдар,келісіңдер, әйтпесе осыдан да айырыласыңдар деген соң амалсыздан қол қойдық. Шығынды қайта есептеу керек деп санаймыз.

 Руслан Нұрмұханбетов, Бұқар жырау ауданы әкімінің Төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы:

Қайта есептелмейтіні анық. Бірақ, бағалармен келіспегендер сотқа шағымдана алады. Әрі қарай не істеуге болатыны сот шешімінен кейін белгілі болады. Мүлікті бағалауға әкімдіктің еш қатысы жоқ.

Айта кетейік, Ғ.Мұстафин ауылы тұрғындарының жері жаңа баспаналарымен бірге өздеріне қайтарылатын болды. Құрылыс басталар алдында жерлерін үкіметтің меншігіне өткізу керектігін естіген жұрт, жер телімдерінің құжатын бермей қойған. Бұқар жырау ауданының әкімдігі Әділет департаментімен келісіп, екі жақты келісім-шартқа «жер құрылыс аяқталған соң үймен бірге тұрғындардың меншігіне өтеді» деген тіркес енгізді. Шенеуніктер енді жер үшін алаңдаудың қажеті жоқ дейді. Тұрғындар жаңа үйге кірісімен жерлеріне қайта ие болады. Қазір бұл ауылда жаңа баспаналар құрылысы қарқын алған.

Айжан ҚУАШ