Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Бала өліміне соқтырған жол апатына қатысты іс қайта қаралады

AstanaTV
29.12.2015ж. 20:00
1297
Бала өліміне соқтырған жол апатына қатысты іс қайта қаралады

Керекуде бала өлімі тіркелген жол-көлік оқиғасына қатысты тоқтатылған қылмыстық іс қайта қаралатын болды. Атышулы істің материалдарын жан-жақты зерттеген қалалық прокуратура осындай шешім қабылдаған. Енді сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталмақ.

Асқар Шоман, Павлодар қалалық прокуратурасының бөлім басшысы:

Қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары толық жүргізілмегендіктен және жәбірленуші жақтан дәлелдер зерттелмегеніне байланысты, қылмыстық қудалау органының істі қысқарту туралы қаулысы қалалық прокуратура шешімімен жойылды. Қылмыстық іс қосымша тергеу жұмыстарын жүргізу үшін ІІД анықтау басқармасына жолданды.

Қайғылы оқиға биыл қазанның 1-нде болған. Әкелі-балалы Мейрам мен Таңат Шәгіровтер қонақтарды шығарып салу үшін аялдамаға келеді. Олар жолды төтесінен кесіп өтпек болған. Бірақ қатты жылдамдықпен келген темір тұлпар жаяу жүргіншілерді қағып кетті. Оқиға орнында 11 жастағы жеткіншек көз жұмды. Ал, әкесі түрлі жарақаттармен ауруханаға түскен. Сот сараптамасы көліктің сағатына 106 шақырыммен жүйткігенін анықтады. Оны тізгіндеген азаматта жүргізуші куәлігі болмағанын, ішкі істер департаменті растап отыр. Полицейлер істің тоқтатылуын «қылмыстық құрамның» жоқтығымен түсіндірді. Аталған құзырлы органның баспасөз қызметі хабарлағандай, жүргізушінің жол апатын болдырмауға техникалық мүмкіндігі қалмаған сыңайлы.