Павлодар
облысының Ақсу қаласында жастар шығармашылық ұйымы ғимаратсыз қалды. Екі жыл
бұрын құрылған «Арракаста» мәдени-сауық студиясы шілдеден бері дайындығын
далада өткізуге мәжбүр. Айтуларынша, мұндай жағдайға олар жергілікті мәдениет үйіндегі кабинеттен айрылған соң тап болған. Жастар театрының қазіргі ахуалын әкімдік жақсы біледі. Бірақ қолданыстағы заңға сәйкес үкіметтік емес
ұйымға арнайы ғимарат бөлуге қауқарсыз. Тақырыпты тілшіміз тарқатып айтып
береді.
«Арракаста»
студиясының мүшелері бүгін де орталық стадионға жиналды. Қапырық ыстыққа қарамастан,
жастар қызу дайындық үстінде. «Душа подушки» деп аталған қойылымды олар
аймақтық театрлер фестиваліне әзірлеп жатыр.
11
сыныптың оқушысы Евгений Хабаров театрға екі жыл бұрын келген. Балалық
қызығушылығым бүгінде өмірімнің бір бөлігіне айналды,
дейді. Сондықтан болашақта негізгі кәсібімен қоса, актерлік мамандықты меңгермек.
Евгений
Хабаров,
«Арракаста» мәдени-сауық студиясы» ЖҚБ мүшесі:
Маған театр ұнайды. Ол адамның
рухани дамуына зор үлес қосады. Әсіресе бүгінгі қоғамда жоғалып бара жатқан
адамгершілік, адалдық деген ұғымдарға жан бітіреді.
Екі
жыл бойы жастардың екінші үйіне айналған кабинеттің есігі қазір тарс жабық.
Ұжым өкілдері бөлмеге мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен ғана кіруге құқылы.
Ал әзірге талай қойылымның сәнін келтірген костюмдер труппаның кезекті жұлдызды
сәтін күтуде.
Лианна
Миронова,
«Арракаста» мәдени-сауық студиясы» ЖҚБ төрағасы:
Тамыздың 27-і күні студиямыздың
құрылғанына екі жыл толады. Негізгі құрамда 37 адам. Сондай-ақ, бұрын бізде
тәрбиеленген, қазір көмекші болып істейтін белсенділеріміз де бар. Ұйымның
басты бағыты - театр. Жуырда ДЖАС-ГУТ деген жастар қозғалысын аштық. Театр
труппасымен түрлі деңгейдегі фестивальдерге қатысып, жаңа жылдық
таңертеңгіліктер де ұйымдастырамыз.
Белгілі
болғандай, Ақсу аумағында 15 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Жергілікті
билік өкілдерінің сөзінше, мемлекеттік емес мекемелерге әкімдік ғимарат бере
алмайды.
Светлана
Гладышева,
Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:
Бізде
тағы бір театралдық студия бар. Оның жетекшісі уақытша демалыста болды. Енді
жұмысқа шығады. Ол мәдениет үйінің штаттағы қызметкері, сондықтан заң бойынша
өз орнына қайтып оралады. Ал, жастар қоғамдық бірлестігін қуып жатқанымыз жоқ.
Олар сахнада дайындықтарын өткізе алады. Бірақ
заңға сәйкес, жеке кабинет бере алмаймыз.
Анықталғандай,
мәдениет үйі басшылығы «Арракаста» студиясы өкілдерімен өзара ымыраға келген.
Мемлекеттік мекеме жетекшісі Татьяна Трушкованың айтуынша, труппа 30 қыркүйекке
дейін кабинетті босатуға келісті. Алайда аптасында екі рет хореографиялық залда
дайындала алды.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ